Шымкентік өнерпаздар көкпар тартып, Қазақстан чемпионы атанды. Белгілі әнші Досымжан Таңатаровтың идеясымен бастау алған додада 6 команда бақ сынаған. Сондай-ақ, алғашқы көкпардың турнирі Тараз қаласынан бастау алыпты. Өнер саңлақтары бой көрсеткен бұл сайыста шымкенттік команда жеңіс тұғырынан көрінді. Ал жеңімпаздарды мақтан тұтқан жерлестері оларға құрмет білдіріп, марапаттарын ұсынды.
Әртіс көйлек киіп, қолдарына микрофон ұстап өнер көрсетіп келген талант иелері енді ат үстінде шауып, өзара кіл мықтыларды анықтады. Тараз қаласында өнер иелері арасында өткен алғашқы өнер-көкпарында «Шымкент» құрама командасы жеңіске жетті.
Әнші Досымжан Таңатаров бастап, ұлттық спорт федерациясы қолдаған республикалық турнирде 6 команда бақ сынаған. Барлығын артта қалдырған шымкенттің өнер саңлақтары жеңістің оңай келмегенін айтады. Ал команда жаттықтырушысының сөзінше, жігіттердің басын қосудың өзі қиындық тудырыпты. Алайда еңбек ақталды дейді ол.
Сәкен ӘДІБАЕВ,»Шымкент» командасының бас жаттықтырушысы: «Балаларды жинадық, сол өнер арасында жүрген термеші, әншілердің ішінен, асабалардың ішінен. Оның ішінде біраз атқа міне алатыны бар, енді енді мініп жүргені де бар. Соның бәрін нықтап, қатайтып, білек-күштерін қатайтып осыған дайындадық. Соның бәрін реттестіру оның жобасын келтіру бізге де оңайға соққан жоқ. Дегенмен енді сенімді ақтады. Құдай қаласа, бұдан да артық сенімді ақтайды деп ойлаймыз».
Кіл мықтылардың ішінен көш бастап, алдыңғы қатардан көріне білген шымкенттіктерге жерлестері де дән риза. Әулиетадан жеңісті қанжығалып келген оларға құрметін білдіріп, марапаттарын ұсынды.
Ғани Ахметбаев, Түркістан облыстық «Көкпар» федерациясының президенті:
«Біздің жерлестеріміз, біздің өнер саласында жүрген жігіттердің көкпар тартып, сол жерде биік тұғырдан көтеріліп, бірінші орын алғанына біз де қуаныштымыз. Енді, әрине, бұл жетістік, жеңіс оңай келе бермейді. Оған осы өнер саласында жүрген жігіттеріміздің осы қасиетті көкпарымызды жан-тәнімен жақсы көріп жаттығуынң арқасында осындай жетістікке жетті».
Команда капитанының сөзінше, атқа шабу да бір өнер. Әрбір қазақпын деген азамат бұл өнерді жетік білуі тиіс. Сондай-ақ бұл көкпар шығармашылықпен айналысып, босаңсып қалған жігіттерді бір қамшылап алды дейді ол.
Нұрбол Пайызов, команда капитаны: «Бәрі ауылда өскен балалар. Жаңағыдай мал қайтарып, тай мініп, ат мініп, осы төрт-түліктің ортасында түлеп шыққан жігіттер ғой барлығы. Енді қалаға келіп, кішкене бойлары босаңсытып алған жігіттер ән айтып, терме айтып өнерде жүріп. Бірақ енді фундамент дейді ғой. Түбінде бар да бұлардың».
Алғашты белесті бағындырған шабандоздар мұнымен тоқтамайтындықтарын жеткізді. Күні кеше жеңімпаз атанған команда алдағы уақытта болатын елордадағы сайысқа да қатысуға ниетті.
Мөлдір Ибадуллаева