Шымкентте азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша нендей жұмыстары атқарылып жатыр?

Бұл сұраққа ауыл шаруашылық басқармасының басшысы жауап берді. Асқар Қаныбековтің айтуынша, жыл басынан бағасы шарықтаған жұмыртқа мен күнбағыс майының құнын тұрақтандыру бойынша комиссия 15 пайыздан асқан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті рұқсат етілген мөлшерін белгілеп, қаулы жобасын әзірлепті.

Сонымен қатар, тауарлардың бағасын негізсіз өсірмеу жөнінде ір ісауда желілері, базарлар мен жергілікті тауар өндірушілермен 14 меморандумға қол қойылған екен. Ел Үкіметі әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік өнімін белгілеп, олар бойынша бағаны тұрақтандыруға тапсырма берсе, Шымқалада аталған өнімдерді сатуға рұқсаты бар сауда орындары олардың тек 11-ін, кейбірінде 6 тауарды ғана әлеуметтік бағада сатуда.
Асқар Қаныбеков, Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы: «Үкімет әлеуметтік маңызы бар 19 тауарды белгілеген. Бізде 11, бір жерлерде одан да аз. Ол тез бұзылатын сүт өнімдеріне бағаны тұрақтандыру бойынша тауарөндірушілермен келісімге тұру мүмкін болмаған жағдайда. Қазіргі таңда «Магнум» сауда желісімен келісімшарт түзілді. Қазір 10 дүкен жұмыс істеп тұрса, жылдың соңына дейін  олардың қатары 10 дүкенмен толығады. «Магнумда»  әлеуметтік маңызы бар 19 тауар  әлеуметтік бағада /үкімет тізімге енгізген/  сатылатын болады».

Жалпы қалада тұрақтандыру қорына 4,2 млрд. теңге қаралған. Қордың айналым механизмі бойынша, кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы 2,3 млрд. теңге айналымға қарыз қаражат беріліп келісімшарт түзілді. Айта кететін жәйт, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыра алмаған әкімдердің орынбасарларына шара көрілетіні туралы бұған дейін мәжіліс отырысында айтылған болатын.

Шынар Оразова