Жеке кәсіп бастағалы жүрген шымкенттіктерге қайтарымсыз грант беріледі. «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасына іріктеу бүгін басталды. Ал оған қатысуға барлығы 179 тұрғын ниет білдірген.
Егер олардың жобалары мақұлданса, әрбірі мемлекеттен 5 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы алады.
Шымкенттік «Күміс алқа» иегері Айнұр Қалдыбаева осыдан 1 жыл бұрын түрлі тәтті пісіруді қолға алған. Содан бері кондитерлік ісі оның кәсібіне айналыпты. Енді міне бүгін бизнес жоспарымен конкурсқа келіп отыр. Болашақта ашытқысыз нан пісіруді жоспарлап жүрген көпбалалы ана ол үшін мемлекет көмегі керек екенін айтады.
Айнұр ҚАЛДЫБАЕВА, жоба қатысушысы: «Қазіргі ұсынып отырған бизнес план қаражатына кондитерлік цехқа керек құралдарды алу көзделіп отыр. Мұнда пеш, миксер, столдар, таразы. Сол 5 млн. теңгелік құрал саймандарды есептеп отырмыз».
Шымкентте «Бизнес жол картасы — 2025» бағдарламасы осымен үшінші жыл ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы жобаға 176 азамат қатысса, биыл бұл көрсеткіш 3 қатысушыға артып, 179-ға жетіпті. Осылай деген кәсіпкерлік басқармасының өкілдері биыл инновациялық ұсыныстардың әлдеқайда аз екенін айтады. Сөздерінше, кәсіп бастағалы жүргендердің көбінің идеялары бір-бірінен аспайды.
Тимур ДЕРБЕС, Шымкент қаласы кәсіпкерлік басқармасының басшысының орынбасары: «Көбінесе, өкінішке орай инновациялық жобалар емес, бір-бірінікін көп қайталап отырады. Жобалар қайталап отырады. Енді оны комиссиямен қарап, шешім қабылданатын болады. Кондитерлік жобалар жағынан болсын, оқыту бағдарламалары бойынша жобалар көп қайталанып отырады».
3 күнге жалғасатын іріктеу нәтижесі 2 мамырда белгілі болмақ. Айта кетейік, бизнес жоспары комиссия мақұлдауынан өткендердің әрбірі 2 млн-нан 5 млн. теңгеге дейін қаржы алады. Қайтарымсыз грантқа биыл 50-ден астам азамат қол жеткізеді деген жоспар бар.
Назерке Үкібасова