Екі айда Шымкентке 5,8 млрд. теңге инвестиция тартылды

166

Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында атқарған жұмыстары бойынша есеп берді.

Шаһарда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 68 мыңнан асқан. Олармен шығарылған өнім көлемі 699 млрд. теңгені құраған. Жұмыспен қамтылғандар саны 166 мыңнан асқан. Бизнестің жол картасы -2025 бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2021 жылға 2 396,0 млн. теңге бөлінген. 1 сәуірден бастап 359 жобаға қолдау көрсетілмек.
Береке ДҮЙСЕБЕКОВ, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы: «Ең басты жаңалық «Бизнестің жол картасы» бойынша қайтарымсыз грантқа өтініш қабылдау басталды. Ол 5 -і мен  19 сәуір аралығында өтеді».

Әйелдер мен жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында әкімдік тарапынан «Мен кәсіпкер боламын» арнайы іс-шара жоспары іске асырылуда. Оның аясында 10 млн. теңгеге 1 пайыздық шағын несиелер қарастырылған. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 1 060 млн. теңге қаржы бөлінген.

Береке ДҮЙСЕБЕКОВ, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы: «2021 жылдың  бірінші тоқсанындағы  екі айда 5,8 млрд. инвестиция тартылды. Сонымен қатар, 2 индустриалдық аймақтарда Оңтүстік пен Тассайда көлік логистикалық аймағы және арнайы экономикалық аймағы жемісті жұмыс істеп жатыр. Бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 жоба іске қосылып, онда 4 жарым мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 62 млрд. теңгені инвестициясы тартылды. Тассай индустриалды аймағында жалпы құны 26 млрд-тық 17 жоба іске қосылып,1 мыңнан астам жұмыс орны ашылды».

Сондай-ақ, жалпы алаңы 136 га құрайтын «Тепличный рай» агроиндустриалды аймағын құру жұмыстары басталды. Мөнда 9,4 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылуы болжануда. Қайнарбұлақ тұрғын алабы маңында «Бозарық» тамақ өнеркәсібіні индустриалды аймағын құру жоспарлануда. Индустриалдық аймақта құны 6,7 млрд. құрайтын 6 инвестициялық жобалардың өтінімдері қабылданды.

Шынар Оразова