Шымкентте ерлі-зайыпты журналистер коронавирус вакцинасын салдырды. Ontustik Rabat газетінің редакторы Жәнібек Нұрыш пен «Отырар» телеарнасының дикторы Жанерке Хумар кеше короновирусқа қарсы екпе жасатты.
Денсаулығына алаңдаған жұп жаппай вакцинация басталуын тағатсыздана күткен. Сөздерінше, пандемия басталғанда-ақ «Вакцина салдыртамын» деп шешкен. Таяуда қазақстандық дәрігер-ғалымның жазғанын оқып, вакцина салдыруды кешіктіруге болмайтынын түсініпті.
Жәнібек НҰРЫШ, Ontustik Rabat газетінің бас редакторы: «Алғашында бұл вакцина жаңадан шыққаннан кейін қалай болады екен деп ойлап жүріп, кейіннен ақпанда мына Бүкіләлемдік Лансет медициналық журналы бар. Сол журналға ресейлік вакцинаның да өте тиімді екені, жақсы екені туралы мақала шыққаннан кейін салдырамын деп шештім. Содан кейін күтіп жүрдім. Қашан бізге жаппай вакцинация басталады, қашан салдыруға болады. Әкімдіктің 109 айкөмек номеріне хабарластым, өзім тіркеген клиникаға хабарластым. Қашан басталады деп сұрап жүрдім. Сонымен кеше келіңіз дегеннен кейін барып салдырттым».
Дәрігерлер вакцина салу үшін 5 адам жиналуын күтеді. Себебі бір қорапта 5 доза болады екен. Ал оны 1 сағатқа дейін ғана қолдану керек. Сондай-ақ екпе салған соң 30 минутқа дейін дәрігердің бақылауында болады. Екпе салдыруға не аш, не тойып бармаған жөн. Бұл туралы Жанерке Хумар дәрігерден кеңес алғанда біліпті. Дәрігер екпенің қандай әсері болатынын да айтқан. Вакцинаның екінші дозасын үш аптадан кейін салады.
Жанерке ХУМАР, диктор-журналист: «Сол күні температура беруі мүмкін деді. Болмауы да мүмкін деді. Бірақ бізде ешқандай ыстық көтерілу болған жоқ. Ал вакцина салардың алдында әдеттегідей қан қысымызды өлшеді, ыстығымызды өлшеді. Түрлі сұрақтарға жауап алды. Созылмалы ауруы бар ма жоқ па? Соның бәрін сұрады. Бәрі дұрыс әрі талапқа сай келіп тұрса, салдыруға болады деп біз қабылдадық. Бізде ешқандай белгі болған жоқ. Отбасымызбен осы вакцинаны салдыруға шешім қабылдаған болатынбыз және бұған ешқандай да өкінбеймін».
Мөлдір Ибадуллаева