Мектептердің құрылысы Шымкент қаласы әкімінің жіті назарында

188

Жаңа мектептерде педагогтармен мәселе туындамас үшін не істеу қажет? Бұл сұрақты білім саласында салынып жатқан нысандарды аралау кезінде қала әкімі көтерді.

Нысандардың бірінде бірқатар басқармалардың басшыларына шүйлікті. Шымкент қаласының әкімі нені сынға алды және ертегідегідей зәулім сарайды еске салатын мектеп шаһардың қай жерінде салынатынын мақаланы аяғына дейін оқысаңыз білесіз.

800 млн. теңге таза инвестиция. Шымкенттің кәсіпкерлері мейрамханалардан гөрі мектептердің құрылысына басымдық беруде. «Қайтпас» шағынауданындағы жекеменшік мектеп әзірге дайын емес, алайда басшылығы кадрларды іріктеуге кіріскен. Мұндағылар қала әкімінің сөзіне құлақ асқан – құрылыс аяқталғанша бұл маңызды тұс шешілуі тиіс. Тамызда білім ошағы пайдалануға беріледі.

Білім саласының өкілі: «Біз байқау жарияладық, қазір түйіндемелер келіп түсуде».

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Ең бастысы құрылыстың сапасына ғана емес, балаларға беретін білімнің де сапасына аса көңіл бөлу керек. Мұғалімдерді таңдағанда осы тұсты ескерген жөн».

«Тұран» шағынауданындағы 1200 орынға шақталған мектеп биыл тамызда пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Алайда ғимараттың орналасқан аумағы бірден көзге түседі. Жолдан қарағанда мектептің қас беті артқа қараған. Бұл шаһар басшысының назарынан тыс қалмады.

«Құрылыс басқармасына бәрібір, басқармалар арасында байланыс жоқ», деді әкім.

Бүгінде мектептердің жабдықталуына және безендіруіне жаңа талаптар енгізілген. Сондықтан да мектеп ғимаратындағы жұмыстар барысы құрылыс аяқталғанда емес, іргетасы қаланғаннан бастап қадағалауда болуы тиіс.

Тапсырмалардың бірі- кадр мәселесі құрылыс аяқталғанда емес, пайдалануға берілмей тұрып шешуі керек. Ең маңыздысы, бұл мектепке осындағы барлық шағынаудандардан балалар келіп оқиды. Сондықтан да автобус бағыттары мәселесін қазірден бастап шешу керек.

Мына мектеп ғимаратын көргенде ойыңа бірден Хогвард түседі. Ия, мұнда басшылар құрылысқа аса жауапкершілікпен кіріскен. Сонымен қатар салынып жатқан инвестицияның да көлемі аз емес – 2 млрд. теңге. Бұл ғимаратта 1-6 сынып аралығындағы мың оқушы дәріс алады. Кәсіпкер тұрақ мәселесін шешуге қолдау көрсетуді өтінді.

Естеріңізге сала кетейік, бес жылда мемлекет есебінен Шымкентте 33 мектеп салынады. Мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 12- білім ұясы бой көтереді. Және 40 мектепті жеке инвесторлар салады.

Шынар Оразова