Жапония мемлекеті Түркістанда зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр

36

Жапондық мамандар Кентау қаласында зерттеу жүргізуді көздеп отыр. Олар Қазақстан жеріне жер аударылған жерлестерінің зираттарын анықтамақ. Екі жақты келісім жүргізуге келген Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі облыс басшысымен кездесіп, екі ел арасындағы достықты нығайтуға уағдаласты.

Жапондықдар Күнгей өңірде зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Ол үшін Күн шығыс елінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада Түркістанға келді. Ол өңірдің экономикалық даму қарқынымен танысып, екі жақты байланыс орнатуға мүдделі.

Джун Ямада, Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: «Арнайы қарсы алғаныңызға алғысымды білдіремін. Астанадағы елшілер, әріптестердің көбі Түркістанды аралап үлгерді. Мен сәл кештеу кеп тұрмын. Қала ұнады. Сәулет өнеріндегі озық үлгілер қолданылған екен. Инвестиция салу, ІТ университет ашу жөніндегі ұсыныстарыңызды еліміздегі бизнес өкілдері мен білім саласындағы азаматтарға жеткіземін»


Өңір басшысы елшімен кездесу барысында Түркістанның мүмкіндігін тілге тиек етіп, аймақта жапониямен бірлескен ІТ университет ашуға ұсыныс білдірді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Түркістанға қош келдіңіз. Қасиетті шаһарда түркі әлеміне танымал тұлға Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі бар. Шаһарда қазақтың 21 ханы, көптеген билері мен сұлтандары мәңгі қоныс тапқан. Түркі әлемінің орталығы туризмге өте қолайлы. Өңіріміздің, Түркістанның тарихы жапон саяхатшыларын қызықтырады деп ойлаймын. Жапония азаматтарын саяхаттауға шақырамын. Бүгінгі кездесу екіжақты байланыстарды нығайтуға оң серпін береді деп сенемін. Сіздерге білім, кәсіпкерлік және өзге салаларда әріптестік орнатуды ұсынамыз»

Айта кетейік, Жапониядан келген мамандар және соғыста қаза тапқан жапон әскерлерін іздеумен айналысатын қауымдастық өкілдері Кентау қаласында зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Олар архив құжаттары мен деректерге сүйеніп, Қазақстанға жер аударылған жапониялықтар жерленген зираттарды анықтамақ.