«Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жолымен»

65

 «Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жолымен». Үшінші мегаполисте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 60-қа жуық қызметкері ерекше шараға ат салысты.

Олар мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау мақсатында қала көшелеріне тазалық жұмыстарын жүргізді. Ұйымдастырушылардың сөздерінше, бұл іске тек қызметкерлердің ғана емес, халықтың да назарын аударту қажет.

Бақтияр АЛТАЙҰЛЫ, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы: «Департаментке күніне 50-60 адам келеді-кетеді. Оның бәрі мына автокөлікпен келіп жатқан жоқ. Оған автокөлік жоқ. Себебі, кейбіреулері басым көпшілігі қоғамдық транспортпен келеді. Анау Қазыбек би көшесінде, арғы жағында Дулати көшесінде аялдамадан түседі де содан 1500-2000 метрдей жаяу жүріп келеді, жаяу жүріп қайтады. Сондықтан солардың жүру жолын көрейік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айтқан сөзі бар ғой «Табалдырықтан табалдырыққа дейін» деген. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау».

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 280 мыңнан астам тұрғын әлеуметтік төлем алады. Оның 36 мыңы мүмкіндігі шектеулі азаматтар болса, 80 мыңы зейнеткерлер екен. Ал қалғаны өзге де әлеуметтік көмек алушылар. Бұл жандардың мемлекеттік мекемеге келіп-кетуі үшін бар жағдайды жасауымыз қажет дейді сала мамандары.

Ержан ЕРГЕШ, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары: «Азаматтар келген кезде көптеген қиыншылықтарға тап болып жатыр. Біз осының алдын алу және қоғамда осы проблеманың бар екенін көрсету мақсатында осы бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Оның мақсаты осы «Табалдырықтан табалдырыққа» мақсатында азаматтар үйден шыққаннан бастап осы мемлекеттік мекемеге келгенге дейін ешқандай кедергісіз, өздерінің мемлекеттік қызметін алуға мүмкіндік жасау болып есептеледі».

Мөлдір Ибадуллаева