Оңтүстіктен солтүстікке көшкендерге қолдау артады

488

5 жыл ішінде Түркістан облысының 1700 отбасы Қазақстанның солтүстігі мен шығысына қоныс аударған. Осылай деген теріскейлік топ күнгейге келді. Олар бұл жолы аймаққа «Еңбек» бағдарламасы аясында көші-қон талаптарын түсіндірмек. Оңтүстікке ат басын бұрған қонақтар 6 ауданның халқымен кездесіп, насихат жұмыстарын жүргізуде.

Оңтүстіктен Солтүстікке! Павлодар облысына мұғалімдер, медицина және техника мамандары қажет. Халықты еңбекпен қамту мақсатында күнгейге Керекуден арнайы топ келді. «Еңбек» бағдарламасы аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізген олар әр ауданның тұрғындарымен кездесуде. Сөздерінше 5 жыл бұрын басталған көші-қон бағдарламасына биыл бірқатар өзгерістер енгізілген.

«2017 жылдан бастап биылғы жылдың сәуіріне дейін 35 АЕК қолдау көрсетілсе көшіп келуге, 1 сәуірден бастап, әр адамның басына 70 АЕК қолдау көрсетіледі. Ол дегеніміз 204 190 тг. Яғни, бір үйде 5 адам болатын болса, ол кісілер млн-нан астам қаражаттарын алады көшіп келуге», дейді мамандар.

Солтүстіктен келген топ сөзінше қоныс аударған отбасы бір жыл бойы баспанамен тегін қамтылады. Қала берді оларға берілетін қолдау құны да көтерілген. Айта кетейік, қоныс аударуға ниетті отбасының бір мүшесі мамандық иесі болуы міндетті. Ақпарттық топ әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті, физика, химия және дене шынықтыру мұғалімдерінің ауадай қажет екенін айтады.

5 сәуірде солтүстіктен келген делегация Жетісай және Мақтаарал аудандарында болса, 7 сәуірде Келес, Сарыағаш тұрғындарымен кездесу өткізілді. Делегация 9 сәуірде Сайрам мен Ордабасы аудандарында,12 сәуір Арыс қаласында, 14 сәуірде Түлкібас ауданына барады деп жоспарланған.

Жалпы осы уақытқа дейін Керекуге 7000 азамат қоныс аударған. Жауаптылар сөзінше оның 3500 еңбекке жарамды. Өткен жылы Павлодар облысына 300 түркістандық көшкен екен. Ал соңғы 5 жыл ішінде Түркістан облысының 1700 отбасы Қазақстанның солтүстігі мен шығысына қоныс аударған.

Назерке Үкібасова