Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов венгриялық «SmartSet International Ltd» компаниясының өкілдерімен кездесті. Жиында аталмыш компанияның құрылтайшысы және басқарма төрағасы Барнабас Ревешпен ынтымақтасты дамыту мен инвестициялар тарту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, кездесу барысында денсаулық сақтау және IT технологиялар саласында инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері де басты назарға алынды. Шаһар басшысы венгриялық компанияның шымкенттік жобаларға деген қызығушылығы үшін ризашылығын білдірді.
Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Венгрия – Қазақстанның Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Әрі бауырлас халық. Үшінші мегаполис — Шымкентте инфрақұрылым дамыған, барлық жағдай бар. Қаланың Орта Азияда инвестициялар, технологиялар және зияткерлік ресурстарды тартудың жаңа орталығы болу үшін әлеуеті жеткілікті. Біз өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды іске асыруда көмек пен қолдау көрсетуге дайынбыз».
Шымкенттегі бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан венгриялықтар мүмкіндіктерін де жоғары бағалады. Айта кетейік, «SmartSet International» компаниясы алдағы уақытта еліміздің денсаулық сақтау және IT жобаларына инвестиция салуды жоспарлап отыр. Инвестициялардың көлемі жылына шамамен 100 миллион АҚШ долларынан асады.
Барнавас РЕВЕШ, «SmartSet International Ltd» басқарманың төрағасы: «Бүгінгі кездесу екі жаққа да тиімді болады деп ойлаймын. Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, біз екі жақтың да мүддесі үшін тиімді және табысты жұмыс істей аламыз. Біздің бүгінгі бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде заманауи медициналық жабдықтар, жоғары кәсіби ауруханалар, жоғары IT-технологиялар бойынша денсаулық сақтау саласын дамытуда жобаларды іске асырамыз деп ойлаймын».
Мөлдір Ибадуллаева