Шымкент «қызыл» аймаққа енді. Өткен аптада ғана «сары» белдеуде тұрған шаһар бүгіннен бастап шекті деңгейде. Мұның себебін жауаптылар індет жұқтырғандардың күрт көбеюімен байланыстырады. Айта кетейік, өткен тәулікте кви тағы 111 шымкенттіктен анықталған. Оның 21-і 18 жасқа толмаған балалар.

Шымкентте қатерлі індет қайта күшейді. Кесірінен қала енді «қызыл» аймақтағылар қатарында. Күні кеше тәжівирус тағы 111 жерлесімізден табылған. Оның 21-і 18 жасқа толмаған балалар. Жалпы қаладағы кви көрсеткіші наурыз мерекесінен кейін күрт көтерілді. Бұған дейін вирус күніне 20 адамнан анықталып келсе, 8 және 22 наурыздан бастап сұрықсыз статистика 100 ден бір-ақ асып түсті.

Алдарқұл АХМЕТОВ, Шымкент қаласы санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:»Паденмия басталғалы бері 7815 жағдай тіркеліп отыр. Өздеріңіз білесіздер, кешегі күнге дейін Шымкент қаласы кви бойынша «сары» аймақта болатын. Бүгіннен бастап біз «қызыл» аймаққа ендік».

Осылай деген қаланың СЭС мамандары енді жұрт жауапкершілікті сезінбесе, мегаполис шекті деңгейде ұзақ тұруы мүмкін дейді. Және алдағы 5 күннің ішінде жаңа қаулының жарияланатынын айтады. Алдын ала болжам бойынша әлеуметтік нысандардың жұмыс уақыты қысқарып, тіпті демалыс күндері жабылуы мүмкін.

Алдарқұл АХМЕТОВ, Шымкент қаласы санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары: «Барлық обьектілер. Қазіргі жұмыс істеп тұрған. Оның ішінде қоғамдық тамақтану орындары да бар. Сауда, ойын-сауық орталықтары да бар. Әрине, базарлар да бар. Барлық кәсіпкерлік субъектілер мемлекеттік мекемелер. Уақыт шектелуі мүмкін кейбір обьектілер бойынша. Және кейбір объектілер жұмысын тоқтатуы мүмкін демалыс күндері».

Жауаптылар өткен жылғы қатаң карантин режимінің қайта орнауы қаншалықты мүмкін екенін дәл айта алмай отыр. Десе де алдағы 5 күнде Шымкенттегі карантин талабы өзгеретінін жеткізді.

Назерке Үкібасова