Шымкентте 2 жасар бүлдіршін екінші қабаттан құлап кетті

100

Шымкентте 2 жасар бүлдіршін екінші қабаттан құлап кетті. Қазір қыз бала қалалық балалар ауруханасында жансақтау бөлімінде жатыр. Оқыс оқиға орын алған уақытта үйде ересектер болмапты. Бүлдіршіннің анасы бар болғаны 1 сағатқа үйден шығып кеткені айтады.

Оқыс оқиға Шымкенттегі мына үйде орын алған. 2 жасар қыз екінші қабаттағы балконнан құлап түскен. Бүлдіршін көпбалалы ана Ирада Есқараваның ең кенжесі. Шиеттей балалы әйел бар болғаны 1 сағатқа үйден шығып кеткенін айтыды. Сөзінше, балаларына атаулы әлеуметтік көмек алуға құжаттарды рәсімдемек болған екен.

Ирада ЕСҚАРАЕВА6 көпбалалы ана: «Мен бір сағатқа кеткен едім. Таксимен келдім үйге. Көріп те үлгермедім. Алып кетті. Үйде 7 жастағы үлкен ұлым қалған болатын, бір сағатқа кетіп қарауға қалдырғанмын. Көршіме де ескерткем. Мен ешқашан балаларды қараусыз қалдырған емеспін».

Сәби шұғыл түрде бас сүйегінің сынуымен жедел жәрдеммен ауруханаға жатқызылды. Толық тексеруден кейін ота жасалуды қажет еткен. Дәрігерлер бүлдіршін ауруханаға дер кезінде жеткізілмегенде жағдай басқаша болар еді дейді.

Тимур БЕГМАНОВ, Балалар нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі: «Шұғыл түрде бас сүйегінің трепанациясы жүргізілді. Қазіргі уақытта баланың жағдайы әлі тұрақты емес, әлі күнге дейін комада жатыр. Барлық қажетті шаралар жүргізілуде».

Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, соңғы уақытта балалардың көпқабатты үйлердің терезелерінен құлап кету жағдайлары жиі тіркелген.

Бахадыр РАСУЛОВ, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы ТЖ басқармасының бастығы: «Жыл сайын тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Алайда бұндай жағдайлар қайталанып жатыр. Бұл биылға тіркелген бірінші жағдай болып тұр».

Айдың күннің аманында қызы комада жатқан әйел бұл оқиға жоқшылықтың салдарынан болды дейді. Егер атаулы әлеуметтік көмек үшін үйден шықпағанымда бүлдіршінім көз алдымда жүрер еді дейді. «Балаларымды ешқашан орынсыз қараусыз қалдырғаным жоқ» деген келіншек қайырымды жандардан көмек сұрайды. Жалдамалы пәтерде тұратын көпбалалы ана жұмыс та істемейді және атаулы әлеуметтік көмекті рәсімдеп те үлгермеген.

Олжас Айдарбек