Шымкенттік мәслихат депутаттары мың отбасыға азық-түлік таратты

204

Шымкенттік мәслихат депутаттары мың отбасыға азық-түлік таратты. Мегаполистегі мұндай қайырымдылық рамазан айы басталғалы жүзеге асып келеді. Бұл жолы ауызашар орнына азық-түлікті жергілікті халық қалаулылары үлестірді. Бұдан бөлек, олар ірі қара мал сойып, құрбан шалды.

Бүгінгі күнді Шымкент қалалық мәслихат депутаттары құрбандық шалудан бастады. Осыдан кейін құран оқытқан халық қалаулылары қаланың орталық мешітінде бас қосты.

Айта кетейік, рамазан айы басталғалы шырайлы шаһарда игі шара жолға қойылған еді. Ол күніне 1000 отбасыға азық-түлік үлестіру. Қала әкімінің мұндай бастамасын депутаттар қолдады.

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы: «Осындай іс-шара арқылы елдің бірлігі, ынтымағы білінеді деп ойлаймыз. Себебі осындай қиын-қыстау кезеңде, індет қысып тұрған кезде бір-бірімізге қол ұшын беру, ол біріншіден имандылық, екіншіден біздің азаматтық парызымыз деп ойлаймыз».

Дін өкілдерінің айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары адам жүрегін жібітіп, ел арасындағы ауызбіршілікті нығайтады. Еске салайық, бұған дейін азық-түлік себеттерін алу үшін жұрт жапа тармағай жиналатын. Бірақ, бұл жолы қолдау көруге келгендер қарасы көп емес. Себебі, карантин талаптарына сай азық-түлік қораптары әр үйге жеке-жеке жеткізіледі.

Нұрдәулет АБДРАХЫМОВ, Шымкент қаласының бас имамы: «Қасиетті рамазан айының бірінші күнінен бастап, Шымкент қаласының әкімшілігі және осы имамдардың ұйымдастыруымен күніне 1000 отбасына ауызашар, рамазан қоржыны таратылып келе жатыр. Бір күн үзілген жоқ. Күніне қолымыздан келгенше жергілікті кәсіпкерлер жағдайы бар азаматтар көмектесіп, рамазан қоржынын таратып келе жатырмыз».

Жиналған мың қораптың барлығы қазір өз иелеріне табысталады. Ал, оның ішінде көріп тұрғандарыңыздай шай, май, түрлі тәтті тағам түрлері бар.

Қаладағы орталық мешіттен шыққан депутаттар азық-түлікті елдімекендерге өздері таратты. Және жиналған қауыммен жүздесіп, мәселелерін тыңдады.

Назерке ҮКІБАСОВА