Соққыға жығылған журналистің ісі бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр

170

Тілшіге қол көтерген погондыларға қатысты тергеу жұмыстары әлі жалғасуда. Бұл туралы қаламыздың өзіндік қауіпсіздік басқармасы мәлімдеді. Еске салайық, қаладағы базар қоймаларының бірінде болған оқиғаны түсірмек болған журналисті полицейлер соққыға жыққан еді. Кесірінен Астана телеарнасының Шымкенттегі меншікті тілшісі жарақат алған болатын.

Журналистке қол көтерген погондыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Осылай деген қалалық Полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы істің билігін асыра пайдаланғаны үшін деген баппен қозғалғанын айтады. Еске салайық, 2 наурыз күні Шымкенттегі базар қоймаларының бірінен шыққан өртті бейнекамераға түсірмек болған тілшілерге полицейлер қарсылық көрсеткен еді. Соңынан «Астана» арнасының тілшісі соққыға жығылды.

Бұл кадрда Астана телеарнасының тілшісін погондылар мәжбүрлі түрде жетектеп бара жатқаны көрінеді. Бахрамбек Талибжановтың сөзінше бұл көрініске дейін оны құқық қорғау қызметкерлері соққыға жыққан. Кесірінен ерні жарылып, бүйрегінен соққы алған. Енді міне бұл істің қаралып жатқанына 1,5 ай өтті.

Ал, билік өкілдерінен жәбір көрдім деген журналист болса, погондылардың әлі күнге дейін кінәсін мойындамағанын айтады. Тіпті түсініктеме бергенде де бәрін жоққа шығарыпты.

Бахрамбек ТӘЛІБЖАНОВ, «Астана» телеарнасының тілшісі: «Олар өз кінәсін мойындап отырған жоқ. Мені қолымнан ұстап ешкім тиісе алмайтын жерге апарғандарын айтады. Және кімнің соққы жасағанын да көрмедік деп отыр. Тағы бір полицейден араша сұрағанымда ол қарсы шыққан еді. Ол камераға жазылып қалған. Ал жеме жемге келгенде ол жағдайды теріске шығарып, басқаша түсініктеме берген».

Сол түні тілші де дәл полицейлер сияқты өз жұмысын жасауға барған. Алайда құқық қорғау қызметкерлерінің өзі оның құқығын таптағанын айтады. Және бұл істі соңына дейін жеткіземін деп бекініп отыр.

Назерке Үкібасова