Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали, республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, мемлекеттік мекеме өкілдері қатысты.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысының осы бағыттағы жұмысты күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басымдығы туралы атап өтті. Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы барлық мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа көшіру және оларды алу кезінде кедергілерді, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою қажеттігіне назар аударды.

Өз кезегінде Агенттік өкілі Жазира Жылқышиева сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шараларға және Агенттіктің іске асырылып жатқан жобалары, заңнамалық жаңашылдықтар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін басшылардың жеке жауапкершілігі маңызды екеніне тоқталды.

– Бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында негізгі басымдық алдын алуға бағытталған. Сыбайлас жемқорлықтың себептерін жоюдың тиімді құралдары бар. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау институты. Оны мемлекеттік органдар тұрақты негізде жүргізуі тиіс. Алайда, тәжірибе көрсетіп отырғандай, олар формальды сипатқа ие, басшылар тәуекелдерді жоюға мүдделі емес, өйткені бұл оларға тиімді. Осы бағыттағы жұмыс тәсілдерін толық қайта қарау қажет деп санаймыз, – деді Ж.Жылқышиева.

Оның баяндауынша, ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап әкімшілік заңнамаға түзетулер күшіне енді. Енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы, жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруі, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы және заңсыз кірістер алуы сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге уәкілетті болып табылады.

– Бұл тетіктерді барынша пайдалануға ниеттіміз. Өз мекемелерінде сыбайлас жемқорлықты жою бойынша шаралар қабылдамайтын басшылар дербес жауапты болады, – деп атап өтті Ж.Жылқышиева.

Отырыс барысында білім, денсаулық сақтау, жер қатынастары басқармалары басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы есептері тыңдалды.

Іс-шара қорытындысы бойынша шаһар басшысы Мұрат Әйтенов әкімдіктің барлық басқармаларында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу және мемлекеттік органдардың қызметінде ашықтықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.