Түркістан қаласында бокстан халықаралық турнир өз мәресіне жетті. Әбдісалан Нұрмахановты еске алу жарысына биыл 4 елдің спортшылары келген болатын. Олар Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан былғары қолғап шеберлері. Нәтижесінде аймақ қоржынына 6 медаль түсті.
Дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан Әбдісалан Нұрмаханов атындағы жарыс араға бір жыл салып қайта жалауын көтерді. Бұл жолы халықаралық турнирге 4 елдің былғары қолғап шеберлері жиналған болатын. Атап айтсақ, отандық боксшылармен Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан өрендері өзара мықтыны анықтады.
Нәтижесінде Түркістан облысының қоржынына 6 медаль түсті. Оның біреуі алтын, екеуі күміс және үшеуі қола жүлде. Ақтық сында жеңіс Ержан Жомартқа бұйырды. 52 келіде сынға түскен спортшы 2017 жылы Әлем чемпионатында қола медаль қанжығалаған болатын.
Ержан ЖОМАРТ, жарыс жеңімпазы: «Ең қиын жекпе-жегім ақтық сайыста Алматы қаласының Арнұр деген боксшымен қиын болды. Өте мықты боксшылардың бірі деп айта аламын. Енді бұл ақтық сайыс. Сондықтан да барымды салу керек болды. Оны алдаумен ұту керек болды».
Халықаралық турнирге барлығы 154 боксшы бас қосқан. Олардың барлығы 10 салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Назерке Үкібасова