Түркістан қаласында полиция қызметкеріне пара бермекші болған тұрғын ұсталды

107

 

Түркістан қаласында тәртіп сақшысына жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, оны жасыру үшін пара бермекші болған жүргізуші ұсталды. Нақтырақ айтсақ, облыс орталығының тұрғыны өзінің басқаруындағы «Ваз-2107» маркалы автокөлігімен қос сызықты қиып өтіп, қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен.

Осы бойынша өзінің қызметтік міндетін атқарып жүрген Түркістан ҚПБ ППР-ның инспекторы полиция аға лейтенанты Батыр Алимов, жүргізушіге заңды шара көру мақсатында ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы «Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырады. Одан әрі көлігін айыптұраққа қою кезінде жүргізушінің әкесі келіп, ұлының көлігін айыптұрақтан шығаруға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтырмауға қатысты өтініш айтып, ақша ұсынады. Тұрғынның бұл заңсыз әрекеттері тәртіп сақшыларының бейнежетондарына тіркелген.

Құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабымен хаттама толтырылған. Одан бөлек, пара ұсынған тұрғынға қатысты ҚР ҚК-нің 367-бабы 1-бөлігі «Пара беру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде лауазымды тұлғаларға, пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын тағы да ескертеді. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жүргізушілерді және басқа да жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға шақырады.