Түркістанда кесене аумағындағы жерасты дәретханалары пайдалануға беріледі

69

Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы жерасты дәретхана ертең іске қосылады. Ал кесенеге қарсы бетте орналасқан әжетхананың есігі жұма күні ашылмақ. Бұл туралы қала әкімінің шаһар аумағын аралау кезінде белгілі болды.

Айта кетейік, кесене аумағында жерасты, жерүсті және модульді әжетханалар салынып, орнатылған болатын. Мердігер мекеменің атқарған жұмысын бақылаған шаһар басшысы Рашид Аюпов әжетханалардың жылы суын қосып, тұрғындарға жайлы жағдай жасау қажеттігін айтты.

Жауаптылар «Әзірет-Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейі аумағындағы дәретханалар бастапқы кезде тегін болады дейді. Әрі мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы көтергіш құрылғысы жұмыс істейді.

Қала әкімі мердігерлерге әлі де атқарар жұмыстың бар екенін ескертіп, оны сапалы орындауға шақырды. Сонымен қатар, шаhар басшысы кесене аумағындағы абаттандыру жұмыстарын көріп, ондағы қураған жасыл желектерге қатаң күтім жасауды тапсырды.

 Мөлдір Ибадуллаева