Түркістан облысында «Қызыл кітапқа» енген миллиондаған қызғалдақ гүлдері гүлдеді. Жылына бір рет болатын бұл көріністі тамашалауға тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де келеді. Мұндай сұлулықты ешкімнің де жіберіп алғысы келмейтіні рас. Ал, биылдан бастап «Қызыл кітапқа» енген бұл Грейг қызғалдағын жұлғандар үшін айыппұл көлемі көбейді. Яғни, гүлдің бұл түрін жұлған азаматқа 3000 АЕК көлемінде айыппұл салынатын болады.
Бұл — Шұбайқызыл. Мұнда қызғалдақтардың көп бөлігі ерекше сақталған. Әрі мұндай орын елімізде жалғыз ғана. Ондаған гектарға жететін қызыл кілемнің сұлулығын тамашалау үшін мұнда жыл сайын туристер ағылып келеді.
Питер Вис — Голландия тумасы. Ол үшін күнгей даланың әрбір гүлі ерекше қызық. Тіпті ол өз Отанында мұндай қызғалдақтардың кездеспейтінін мойындайды.
Питер Вис, турист: «Мен мұндай қызғалдақтарды алғаш рет көріп тұрмын. Өте әдемі. Бізде Голландияда қызғалдақтардың үлкен алқабы бар, бірақ мұндай емес. Егер тарихқа көз жүгіртсек, олар бізге Түркиядан әкелінген екен».
Биыл ауа-райының салқын болуына байланысты «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақтар әдеттегіден әлдеқайда аз дейді мамандар. Бірақ сіздің әлі де көктемгі табиғаттың ерекше атмосферасын сезінуге мүмкіндігіңіз бар. Тек өкініштісі, халықтың кей әрекеті көңіл қынжылтады.
Бәйдібек ауданында қызғалдақтарды ерекше жақсы көретін азамат ұсталды. Себебі ер адам «Қызыл кітапқа» енген гүлдерді жұлып алған. Енді ол 6 дана гүл жұлғаны үшін 9 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін.
Ұласбек Кембаев,»Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ Түлкібас филиалының директоры: «Қазақстанның «Қызыл кітабына» қызғалдақтың 34 түрі енгізілген, оның ішінде біздің Грейг қызғалдақтары да бар. Гүлдерді жұлғаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ, 3000 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде жаза қарастырылған».
Енді гүлдер арасында полицейлер жиі серуендейтін болған. Тәртіп сақшылары мұндай сұлулыққа тамсанғандықтан ғана емес, қауіпсіздік үшін осындай әрекетке баруда. Сарапшылардың сөзінше адамдарға гүлдерді жұлуға болмайтындығын түсіндіруі қажет. Мәселен, грейг қызғалдақтары тіпті су құмырасының өзінде бір сағаттан астам уақыт қана өмір сүреді. Есесіне, жұлынған гүлдің орнына 10 жыл бойы жаңасы шықпайды екен.
Сәкен Жұмабеков, Учаскелік инспектор: «Бізде әр жолы рейдтік іс-шаралар өткізіледі, бақылауда ұстаймыз. Жақын арада аумақты бақылауға алу үшін арнайы арнайы белгі орнатылмақ».
Мамандар шамамен осыдан 10 жыл бұрын Шұбайқызылда қызғалдақтар көп болған дейді. Бірақ қазір оның азайғаны байқалады. Ең қуантарлығы, алдағы уақытта бұл дала қарқынды түрде қорғауға алынбақ. Әсіресе қызғалдақтардың жайқалу мерзіміндегі екі апта қатаң бақылауда болмақ.
Мөлдір Ибадуллаева