«Заңсыз айыппұл»: Дендросаябақ полиция департаментін сотқа бермек

156

Шымкенттегі дендросаябақта көлікпен жүргендердің бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралып, халықтың талқысына түскен еді. Белгілі болғаны, көліктегі 6 азамат та Асанбай Асқаров атындағы дендропарктің қызметкерлері екен. Сөздерінше олар жарылған су құбырын жөндеуге бара жатқан. Әлеуметтік дистанцияның сақталмауын да жағдайдың шұғыл болуымен байланыстырады.

Нұрлан Борисұлы, А.Асқаров атындағы дендросаябақтың қойма меңгерушісі:
«Алдында бригадир отырды. Артында мен отырдым және екі жұмысшы отырды.
-Үшеу? -Иә, -Онда төртеу көрсетілген ғой видеода -Төртеу болса, мен бергі жағында отырғаннан кейін енді арғы жағында біреу отырған шығар тағы да бір жұмысшы. Төртеу болсақ төртеуміз. Енді оны авариялық ситуация деген соң бәріміз менің складымнан құрал сайманды алып, тез жағдайда дегеннен кейін бардық. Бригадирдың машинасына отырып жеттік».

Видеодағы көлік дендробақтың бөлім меңгерушісінің атына рәсімделген. Бірақ темір тұлпар мекеме жұмыстарына пайдаланылады екен. Орталықтың аумағы үлкен болғандықтан қызметкерлерге саябақ ішінде көлікпен жүруге рұқсат беріліпті. Тек көлік жүретін басқа жол болмағандықтан веложолақпен жүрге тура келеді екен.

Алайда Шымкент қалалық Полиция департаменті бұл жайтты заңға қайшы деп тапты. Тәртіп сақшылары көлік жүргізушісіне қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Жол жүрiсi қағидаларын бұзып, жаяу жүргiншiлер жолдарымен, жол жиектерiмен немесе тротуарлармен жүру» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Жүргізушіге он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салыныпты. Бірақ дендросаябақ заңгері бұл айыппұлмен келіспейді және мекеме оны төлемейді деп отыр.

Мөлдір Үсенбаева, А.Асқаров атындағы дендросаябақтың заңгер кеңесшісі:
«Дендрологиялық саябақ аумағында бейнабақылауға түскен автокөлікке саябақ аумағында жүруге бұйрықпен рұқсат етілген. Біздің тарапымыздан ешқандай заң бұзушылыққа жол берілмеген. Саябақ аумағында вело жолға резинка төселмеген, асфальтке қызыл бояумен бояп қойған. Сонымен қатар саябақ аумағындағы жолдарды вело және жүргінші жолдар салып тастауына байланысты автокөлікпен жүруге басқа жол жоқ. Біздің тарапымызға салынған айыппұлды заңсыз деп санаймыз. Бұл бойынша сотқа жүгінетіндігімізді хабарлаймыз».

                                                 Мөлдір Ибадуллаева