Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлер реестрі құрылады. Парламент Мәжілісінің депутаттары тиісті заң жобасын әзірлеп, бірінші оқылымда мақұлдады. Реестрде тіркелген кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, салықтық жеңілдіктер беріледі.
Алайда бұл тізімге ілігу үшін бизнес өкілдері бірқатар талап орындауы тиіс. Мәселен, жалданған қызметкерлердің 50 пайызы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар болуы керек. Жұмысшылар арасында зейнет жасындағылар мен бас бостандығынан айыру орындарынан шыққандардың болуы да шарт.
Табыстың тең жартысы әлеуметтік маңызы қызметтерден түсіп, сол саланы дамытуға жұмсалуы қажет. Бизнесмендердің тізімін өңірлік комиссиялар қалыптастырады. Оған мемлекеттік органдар, «Атамекен» палатасының өкілдері және қоғам белсенділері кіреді.
Шынар Оразова