Азық-түлік пен киім-кешек қымбаттап кетті

297

Биыл Қазақстанда қымбатшылық рекорды орнады. Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында айтылды. Елдегі ішім-жем бағасы биыл соңғы 4 жылда ең жоғары көрсеткішке жеткен. Жалпы жыл басынан бері азық-түлік 5 пайызға жуық, киім-кешек 5 жарым пайызға, ал жанар-жағармай 11 пайызға аспандаған.

Шымкент қаласы Қазақстан бойынша азық-түлік бағасы қымбаттаған аймақтар көшінде. Осылай деген Үкімет мүшелері биыл елде қымбатшылық рекорды орнағанын айтады.

Республикада тек ішіп-жем емес, киім-кешек пен аяқ киімдер құны да аспандап кеткен. Мұның себебін жауаптылар карантинмен байланыстырды. Және біздегі көрсеткіштің өзге елдермен салыстырғанда төмен екенін айтып шүкір етіп отыр.

Бақыт СҰЛТАНОВ, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Бағаның өсуі бүкіл әлем елдерінде тіркелді. БҰҰ азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының деректеріне сәйкес, биылғы 4 айдың ішінде бағаның орташа өсімі 11,4 пайызды құраған. Көрші РФ салыстырғанда біздің елде азық-түлік тауарлары бағасының өсімі 2-3 есе төмен».

Бұдан бөлек, министрлер елдегі экономиканың аяқтан тұра бастағанын айтып сүйіншілеп отыр. Елдің бас экономисі өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласы біршама серпін алғанын және құрылыстың да қарқын алғанын жеткізді. Айта кетейік, Шымкент тұрғын үй тапсыру бойынша елімізде көш бастап тұр. Үшінші мегаполисте биыл баспана беру 6,5 есеге өскен.

Әсет ЕРҒАЛИЕВ, ҚР Ұлттық экономика министрі: «Өңдеу өнеркәсібі соңғы 10 жылда ең жоғарғы өсуді көрсетіп отыр. Қызмет көрсету саласы қалпына келуде. Сауданың 5,7 пайызға өсуі аясында қызмет көрсету секторы оң өсуді көрсетті».

Жалпы Шымкент қаласы 7 негізгі бағыт бойынша да ілгері келеді. Осылай деген Үкімет басшысы секторлар бойынша Шымкенттің Маңғыстаудан кейінгі орында тұрғанын жеткізді.

Асқар МАМИН, ҚР Премьер-министрі: «Биылғы жылғы қаңтар-сәуір қорытындысы бойынша 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша Маңғыстау облысы және Шымкент қаласы өсу байқалады. 6 көрсеткіш бойынша 5 өңірде өсу байқалады».

Айта кетейік, елдегі азық-түлік бағасының қымбатшылығы соңғы 4 жылда биыл жоғары көрсеткішке жеткен. Ішім-жем бағасы биыл 4,8 пайызға қымбаттаса, киім- кешек 5,5 пайызға ал, бензин 11 пайызға бір-ақ аспандаған. Ал, Шымкент қаласында азық-түлік жыл басынан бері 5 жарым пайызға жуық өскен.

Назерке Үкібасова