Мәжіліс депутаттары тағы да зейнет жасын қысқартып, ал берілетін қаржы мөлшерін көбейтуді ұсынды. Бұл жолы ауыр жұмыс істейтін мамандар жағдайы ортаға салынды.
Төменгі палата өкілдерінің сөзінше, тау-кен, шахта, металлургия мен уранда жүргендер жағдайы оңбай тұр. Ал, олардың зейнетке шығатын уақыты еш өзгеріссіз 63 жас.
Осыны айтқан мәжілісмендер Үкімет мүшелеріне сауал жолдады.
Қазақстан бойынша 1,5 млн-нан аса азамат тау-кен, металлургия және уран саласында нәпақа тауып жүр. Осылай деген төменгі палата өкілдері бүгін ауыр жұмысшылар жағдайына назар аударуды ұсынды. Сөздерінше шаң мен топырақ арасында жүрген бұл жандар зейнетке 63 жаста емес, одан ерте шығу керек. Және оларға берілетін қаржы да өзгелерден артық болғаны жөн дейді мәжілісмендер.
Ерлан СМАИЛОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: » Өткен жылы Санитарлық-гигиеналық талапқа сай емес орындарда 367 мың адам жұмыс істеген. Оның ішінде шу ішінде әрбір екіншісі жүр. Ал, газ бен шаң арасынан әр үшінші жұмысшы табылады. Ауа-райы қолайсыздығында әрбір алтыншысы нәпақа табуда. Осыған қарамастан олардың барлығы да тек 63 жасында зейнетке шыға алады. Бұл жағдайды қарастыру керек. Ол үшін Еңбек министріне шахтада жұмыс істеп көру керек шығар».
Импортқа кететін зат шығарушылардың еңбегін елеу керек деген депутаттар керек болса, минстрлер шахтада жұмыс істеп көрсін деді. Бәлкім сонда ғана қара жұмысшылардың жағдайын түсінер деген үмітте. Ал депутат Ерлан Саиров болса, Қазақстан жолдарының жағдайына тоқталды.
Сөзінше, әсіресе ауыл аумақтардағы асфальт жолдар оңбай тұр.
Айта кетейік, ел жолдарын айнадай ету үшін бюджеттен 1 трлн теңге бөлінбек. Бұл қаржыға шенеуніктер ауыл-аймақтағы жолдарды 100 пайыз жөндейміз деп бекініп отыр.
Назерке Үкібасова