Еліміздің Тұңғыш Президенті Түркістан қаласына келді. Түркі елдерінің рухани астанасына ат басын бұрған Елбасы жаңа нысандардың ашылуына қатысты. Айта кетейік, облыс орталығында енді «Қазақ хандығы мемориалы», музыкалық драма театр мен ботаникалық бақ бар. Бұдан бөлек туристік аймақта этноауыл да көпшілік көзайымына айналмақ. Осының бәріне куә болған Елбасы Өмірзақ Шөкеев жұмысына өз бағасын берді.
Түркістан қаласына келген еліміздің Тұңғыш Президенті алдымен «Қазақ хандығы мемориалына» табан тіреді. Бұл кешен мемлекеттің іргетасын қалаған хандар құрметіне бой көтерген. Биіктігі 7 метрге жететін киіз үй бейнелі мемориал ортасына асатаяқ орнатылыпты. Дәл осы жерге Нұрсұлтан Әбішұлы капсула салды. Оның ішінде Қазақстанның әр аймағындағы киелі жерлер топырағы салынған.
Осыдан кейін Елбасы ботаникалық баққа барды. «Яссы» атындағы бұл бақ 7,7 гектар аумақты алып жатыр. Ал, онда шие, алма, талшын, долана, қызғалдақ сынды гүлдейтін 800-ден аса ағаш отырғызылған. Бұдан бөлек, ислам ою-өрнегіндегі лабиринт те безендірілген. Ол арша мен раушаннан жасалған екен.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Тұңғыш Президенті: “Түркістан қазіргідей жаңғыруды бұрын-соңды басынан өткізіп көрген емес. Танымастай болып өзгерді. Бұл жер қазақстандықтар үшін ғана емес, барлық туристер үшін де бірегей мекенге айналады”.
Бұдан кейін Тұңғыш Президент музыкалық драма театрдың ашылуына қатысты. Және өнер ордасының әртістерімен кездесіп, облыстық “Farab Library” кітапханасына да барды. Айта кетейік, ғылыми әмбебеп бұл орталықта 480 мың кітапқа арналған орын бар. Және 400 адамға арналған дәріс залы мен музыкалық зертхана мен цифрлы шеберхана да бар. Осының бәріне куә болған Елбасы облыс басшысының жұмысына ризашылығын білдіріп, оң бағасын берді.
Түркі елдері астанасындағы жаңа кешендер қатары мұнымен бітпейді. Бұдан бөлек Тұңғыш Президент енді ашылған этноауылды да аралап қайтты.
Назерке Үкібасова