Мемлекет басшысы қазақстандықтарды бірлік күнімен құттықтады

68

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады. Халқымыздың әділетті әрі дамыған мемлекет құрып, елімізді өркендету жолындағы мүддесі ортақ екенін айтқан Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Сондай-ақ, «әр алуандығымыз – бірлікте» қағидаты еліміздің сан қырлы мәдениеті мен дәстүрін баға жетпес байлығымызға айналдырып, ырыс-ынтымақ пен отаншылдық рух ұлттық кодымыздың ұйытқысы екенін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленген бұл мереке ғасырлар бойы қазақ жерінде берік орныққан достық пен ауызбіршілік, өзара құрмет пен сенім сияқты қастерлі құндылықтарға негізделген. Біз қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің, өзара қолдау мен жасампаз еңбектің арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Әр шаңырақта татулық пен өзара түсіністік болсын!».