Мерекеде Түркістан облысының тұрғыны алғашқы төлқұжатын алды

146

Қазақстан Республикасы азаматтарының құжаттарын рәсімдеу немесе азаматтығы жоқ тұлғаларды куәландыру үшін мәртебесі реттелмеген адамдарды анықтау мақсатында акция өткізілуде.

Түркістан ҚПБ-ның көші-қон полицейлері ҚР-ның жеке куәлігімен құжаттанбаған құжатсыз азаматтарды құжаттандыру бойынша жұмыстар жүргізді. Жұмыс барысында, түркістандық полицейлер отбасылық жағдайына немесе басқа да себептерге байланысты жеке басын анықтайтын төлқұжатын ала алмай жүрген тұрғынға қызмет көрсетті. Яғни 1972 жылы туылған Бибігүл Данышбаева есімді азаматша осы уақытқа дейін отбасындағы белгілі себептерге байланысты төлқұжатсыз жүрген.

Бұл бойынша тәртіп сақшылары Бибігүлдің мұрағаттағы іс-құжаттарын толықтай жинады. Нәтижесінде полицейлер мерекеде жергілікті тұрғынға ҚР-ның азаматы екенін анықтайтын төлқұжатын табыстады. Көші-қон қызметкерлерінің жеделділігіне риза болған азамат өз алғысын айтты: «Мен Бибігүл Түркістан қаласының тұрғынымын. ҚР-ның азаматы екенін анықтайтын төлқұжатты белгілі бір себептермен ала алмаған едім. Алайда көші-қон полицейлері менің алғашқы төлқұжатымды жасап берді. Көші қон полицейлеріне алғысымды айтамын. Себебі осы күнге дейін төлқұжатсыз жүрдім. Көші-қон қызметкерлері аз уақыттың ішінде жеке куәлігімді дайындап берді. Үлкен рақмет!»