«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалының кезекті 42 есеп беру-сайлау конференциясы өтті.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты жергілікті филиалдардан сайланған 130 делегат Zoom платформасында онлайн түрде қатысты. Конференция барысында партия филиалы Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, алдағы кезеңге арналған міндеттері талқыланды.
Шымкентте 35 мыңнан астам мүшесі бар «Nur Otan» партиясының есепті мерзімде атқарған жұмысы ауқымды. «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Жастар Отанға!», «Құтты мекен», «Халыққа көмек» жобалары бойынша 151 524 адам қамтылып, 1342 іс-шара өткізіліпті. Ал партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне азаматардан 35 мыңнан астам өтініш түскен болса, олардың басым бөлігі оң шешімін тапқан.
Жанар БЕКТАЕВА,«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: «Партияның сайлауалды бағдарламасында әр елдімекендегі мәселелер 7 басымдық бойынша 94 міндеттеме қамтылды. 216 бағдарламада алдағы бес жылға атқарылатын жұмыстың жоспары түзілген. Құжатқа сәйкес бірде бір ауыл назардан тыс қалмайды».
Шымкенттің өркендеуіне арналған партияның басты құжаты мегаполистің ресурстары, мүмкіндіктері ескеріліп жасалғанын төраға атап өтті.
Мұрат ӘЙТЕНОВ, «Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасы: «1994 жылы қаланың бюджеті небәрі 1 млрд. болған, ал биыл көлемі 464 млрд. теңгені құрады. Қаншама есе ұлғайған. Өткен ғасырдың 90 жылдарының ортасында халықтың саны 400 мың болса, қазір 1 млн-нан асты. Аталған жылдары 72 мектеп болса, қазір 183. Бұл 30 жылда атқарылған жұмыстардың көрінісі. Қазіргі мүмкіндіктеріміз айқын».
Есептік жиында партия филиалы бақылау-тексеру комиссиясының соңғы екі жылда атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалып, алдағы кезеңге арналған міндеттері талқыланды.
Тимур БӨРІБАЕВ, қалалық бақылау-тексеру комиссиясының мүшесі: «Комиссия анықтаған кемшліктердің басым бөлігі партиялық жарнаны төлемеуге қатысты. 2019 жылы 243 адам партия қатарынан шығарылса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 169. Партия мүшелерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында комиссия тарапынан бастауыш партия ұйымдарына әдістемелік көмек көрсетілді».
Сондай-ақ, конференция барысында партияның қалалық филиалының Саяси кеңесі құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бақылау-тексеру комиссиясы сайланды. Конференция жұмысын қорытындылаған төраға партия активіне нақты тапсырмалар жүктеді. Олардың негізгілері елдімекендердің инфрақұрылымын жетілдіру, атқарылған және жоспарланған жұмыстар барысымен халықты үздіксіз ақпараттандыру, белсенді , шапшаң әрі жедел әрекет ету.
Шынар Оразова