Өзбекстан аумағындағы Бағыс пен Хиебон ауылдары шекаралас Сарыағаш ауданына өтті

434

Қазақстанның аумағы бүгіннен бастап 796 гектарға ұлғайды.

Өйткені, кезінде Өзбекстанға қараған Бағыс және Хиебон ауылдары шекаралас Сарыағаш ауданына өтті. Тіпті, қос елді-мекеннің Түркістан облысына қосылғаны туралы тиісті құжатқа премьер-министр Асқар Мамин қол қойды. Осылайша шекарадағы Сарыағаш ауданының жері кеңейіп отыр. Бағыс ауылының 750 гектар жері енді Ақжар ауылдық округіне өтсе, 46 гектарға жуық жері бар Хиебон ауылы Құркелес ауылына қарайтын болды. Жалпы, алашапанды ағайындардың келісімімен шекарадағы қос ауыл Қазақстанға 2001-ші жылы өту керек болған екен. Бірақ, құжаттар түгенделмей Бағыс пен Хиебон картаға енбей қалған. 20 жыл бойы не анда, не мында емес ауылдарды Қазақ жеріне өтуін Түркістан мәслихатының депутаттары биыл сәуір айында ғана көтеріп, үкіметке ұсыныспен шыққан. Енді осыған дейін заты бар да, аты жоқ 270-ке жуық отбасы өз құжаттарымен қоса, баспаналарының құжаттарын рәсімдеуге мүмкіндік алып отыр.

Нұржан Көкеев, Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы: «Пайдаланудағы тұрғын үйлерін заңдастыру мақсатына өтініш жазып, ол да жер бөлу комиссиясында қаралып жатыр. Алдағы аптада жер бөлу комиссиясының оң қорытындысын алғаннан кейін адамдар барып өздерінің жер орналасу жобасын жасатып, ауыл әкімінің шешімін алып, өздерінің пайдаланып жатқан тұрғын үйлерін заңдастыруға толық мүмкіндігі болады».

Шынар Оразова