Шымкентте 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік акция өтті. «Сәлем хат!» акциясын қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастырған.

«Көл» субұрқағы маңындағы қоршаулар түрлі-түске боялып, құттықтаулар мен сәлем хаттар ілінген. Онда қаладағы мәдениет ошақтарының қыз-келіншектері ағаларына, інілеріне, әкелері мен замандастарына деген ізгі тілектері мен құттықтауларын қағазға түсірген.

– Бұл идеяны басқарма басшысы Ханзада Есенова ұсынды. Ондағы мақсатымыз – аналардың, қыз-келіншектердің әскердегі ұлдарына, аға-інілеріне деген сағынышын, махаббаты мен құрметін жеткізу. Арулардың сәлем хаттарынан олардың ыстық ықыластары көрініс табады. Қазіргі жағдайға байланысты карантин талаптары сақталуда. Болашақта дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз, – деді Шымкент қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары Марат Оразметов.

Акция аясында «Қазына» би тобының өнерпаздары елдегі арулардың әскердегі замандастарын күтіп алу сәтінен сазды-сахналық көрініс қойды.

Шымкент келбеті