Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке жаңадан құрылған Сауран ауданында бой көтеретін әкімшілік — іскерлік орталықтың бас жоспары таныстырылды.
60 гектарға жуық жерге әкімшілік ғимараты, мемлекеттік мекемелер, Сауран ауданының мәдениет үйі, саябақтар мен гүлзарлар және көпқабатты зәулім үйлер бой көтереді. Ауқымды жұмыс жоспары екі кезеңнен тұрады.
Өңір басшысы ұйымдастыру — құқықтық жұмыстардың барысын пысықтап, атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша мәжіліс өткізді. Сауранды кезең — кезеңмен газдандыру, ауыз су және ағын сумен қамту туралы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы баяндалды. Облыс әкімі құжат рәсімдеу кезеңінің созбалаңға салынбауын қадағалауды, жұмысты ширатуды міндеттеді.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Сауран ауданы жаңа аудан. Жұмыс өте көп. Ұйымдастыру, орналастыру, халықпен жұмыс істеу жұмыстары. Жаңа ауданды құру оңай емес. Күндіз-түні жұмыс істеу керек».
Жаңа ауданның құрылуына байланысты атқарылатын барлық іс-шаралардың жүзеге асуымен арнайы комиссия айналысуда. Әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауып, жаңа жұмыс орындарының ашылуы секілді маңызды мәселелерге басымдылық берілген.
Ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына күш салынады.Соңғы деректерге сәйкес, Сауран ауданында 110 мыңдай азамат тұрады.
Шынар Оразова