Шымкент: Жер сілкінісіне байланысты оқу-жаттығу өтті

173

Шымкентте 4 баллдық жер сілкінісі болды. Салдарынан «Нұрсәт» шағынауданындағы көпқабатты екі үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Қалада таңғы 10 дабыл сигналы іске қосылып, құтқарушылар осындай сценариймен оқу жаттығуын өткізді.

Шымкентте дабыл сиреналары тура таңғы сағат 10-да естілді. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша, қалада төрт баллдық жер сілкінісі орын алды. Жерасты дүмпулері төтенше жағдай тудырып, көп қабатты үйлердің тұрғындары құтқарушылар, өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен еріктілердің көмегіне зәру болды.

Көп қабатты үйлерге бірнеше өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көлігі келді. Жер сілкінісінен кейін өрт пайда болды. Алтыншы қабатта өрт құрсауында адамдар қалып қойған. Құтқару жоспары ойластырылды. Ол қауіпті болғанымен, адамдарды өрттен құтқарудың жалғыз жолы осы. Олар өртке қарсы баспалдақпен және арнайы арқанмен эвакуацияланды.

Оқу-жаттығуға тартылған кинологиялық қызмет иттерінің тигізер көмегі зор. Үйретілген иттер ғимарат қираған жағдайда үйінді астында қалғандарды табуға жәрдемдеседі.

Жәнібек КӘРІМБАЕВ, Шымкент қалалық ТЖД бастығының орынбасары: «Шымкент қаласы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан халықты аман-есен алып қалу және төтенше жағдай болған кезде халықтың іс-әрекеті, уақытысында құлақтандыру және үрейді күшейтпей іс-қимылдарды дұрыс реттеу мақсатында өткізілген».

Жаттығу орнына қалалық авариялық-құтқару қызметтері — газ, су шаруашылығы қызметкерлері мен электриктер тартылды. Олар апат одан әрі ушықпас үшін тұрғын үйді жарық, су мен газдан ажыратады. Азаматтар төтенше жағдай болған жағдайда, алдын-ала дайындалған эвакуациялық орталықтарға көмекке жүгіне алады. Олар 2GIS қосымшасында көрсетілген.

Жәнібек КӘРІМБАЕВ, Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары: «Сценарий бойынша бүгін екі үйден 15-20 адамды эвакуацияладық. Оларды бір жерге жинап, эвакуациялық пунктке қалада 129-ы бар. Сол қауіпсіз жерге жеткізілді».

Тұрғын үйден құтқарылған адамдар жақын маңда орналасқан мектептегі эвакуациялық пунктке жеткізілді. Құтқарушылар қала тұрғындарына төтенше жағдайда өздерімен бірге ақша, құжаттар және жылы киімнен тұратын «авариялық чемодандарын» ұмытпауын еске салады.