Шымкенттегі қатаң режимдегі әйелдер колониясына енді кіре-берістегі арнайы QR код сканерінен өту арқылы ішке кіре алады! Түзеу мекемесінде «АШЫҚ» қосымшасы іске қосыла бастады.

Бұл жақын-туыстарына барғысы келетін адамдар үшін ғана емес, сонымен қатар мекеменің қызметкерлеріне де қатысты. Келгендер ұялы телефонына Ashyq мобильді қосымшасын телефонына жүктеп, телефон нөмірі арқылы кіріп, ЖСН енгізіп, мекеменің QR кодын сканерлеп тіркеу қажет. Шығу кезінде де кодты сканерлеу керек. Егер келушіде смартфон болмаса, колония қызметкерлері жеке сәйкестендіру нөмір арқылы тексерістен өткізеді.

Сүндет ЕЛЕУСІЗОВ, ИЧ-167/4 түзеу мекемесі бастығының орынбасары: «Қазіргі таңда Шымкент қаласы Қылмыстық атқару департаменті және де Шымкент қаласы прокуратурасымен бірлескен түрде ИЧ-167/4 мекемесінде елімізде болып жатқан індетке байланысты індеттің алдын алу мақсатында барлық мекеменің кіріп-шығу аумағында Ashyq мобильді қосымшасы орнатылды. Алдағы уақытта мекеменің қызметкерлері және мекемеге келіп кетуші азаматтар мен азаматшалар осы қосымша арқылы мекеменің аумағына ПТР тестсіз кіре алатын болады».

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап Ashyq жүйесі вакцинация төлқұжаттарымен біріктірілетін болады. Вакцина алған азаматтар «жасыл» статусқа ие болады, бұл түрмелерге ПТР тестсіз кіруге мүмкіндік береді.