Шымкентте мал дәрігерлері жұмыстан қысқартуға қарсы. Қаладағы ветеринария орталығының ауласына жиналған олар еңбегі еленбей жүргенін айтады.
Аз жалақыны қанағат тұтып жүргенде тіпті жұмыссыз қалуымыз мүмкін, деп уайымдайды. Екі күн бұрын оларға жұмыста қысқарту болатыны жайлы хабар келіпті.
«Аз айлыққа әрең жүргенде тіпті жұмыссыз қалуымыз мүмкін». Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының «Ветеринарлық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ветеринарлары кімнен көмек сұрарын білмей дал. Екі күн бұрын қызметкерлердің әрқайсысына хабар келіпті. Коммуналды мекеменің 25 пайыз қызметкерін қысқартылатынын ескерткен. «Енді қайда барамыз» деп алаңдаулы.
Әшірбек ЖОЛДАСОВ, мал дәрігері: «Хабарлама 12 не келді. Таныссын деп қол қойып беруге келгенде біз қайтарып жібердік. 800— ден бастап бір ветврачқа сиырдың өзі. Ал менде қазір 1200-1300. Артық жұмыс істеп жатырмын. Өзім соған үлгеріп жүрмін. Әрең үлгеріп жүрмін. Егер қысқартып тастайтын жағдай болса, мен үлгере алмаймын. Мен шығып кетсем, орнымдағы адам тіпті үлгере алмайды».
Айтуларынша, айлығы еңбегіне арзымайды. Күніне 600-700 бас малға қарау керек болса, берілген мал саны екі есе көп екен. Бұған ашынған олар көктемде айлықты көтеруді сұрап, хат жазыпты. Хаттары жауапсыз қалған.
Сапар СҰРЫМБАЕВ, мал дәрігері: «Бәріміз қол қойып, өтініш жаздық. Жоғарыға. Тіркетілді деді. Ал. оның жауабын естіген жоқпын».
Қарамағындағы қызметкерлерінің өтінішіне құлақ аспай келген басшылар көп ұзамай кездесуге шықты.
Манарбек ЕРЖІГІТОВ, Шымкент қаласы ауылшаруашылығы мен ветеринария басқармасының Ветеринария бөлімінің басшысы: «Экономика басқармасымен қайта қайта жылда жұмыс жасап жатырмыз. Ертең 25 пайыз мамандардың қысқаруы есебінен осы кісілерге айлық қосылып берілетін болады. Бұл мекеменің кеше ғана басшылығы ауысты. ішкі есебін жасайды. 130 млн. бөлінген. Соған байланысты шашылатын болады».
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына қарасты «Ветеринарлық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 70-тен аса мал дәрігері жұмыс істейді.
Назерке Үкібасова