Түркістан қаласы аумағында коронавирустық инфекцияның профилактикалық шараларын күшейту мақсатында қала әкімінің өкімімен құрылған 6 мобильді топ жұмысы жалғасуда. Аталған мобильдік топ мүшелері қаланың 5 мөлтек ауданында («Бекзат», «Шавгар», «Сауран», «Отырар», «Яссы») эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық деңгейін төмендету және оның Түркістан қаласының тұрғындары арасында таралуын болдырмауды қадағалауда.
Сонымен қатар, әрбір топ өздерінің аймақтарында барлық сауда орындары, дүкендер мен қоғамдық және халық көп шоғырланатын жерлерде санитарлық нормаларын сақтау, яғни, маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау жөнінде кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Күнделікті рейдтік зерделеу жұмыстары барысында мобильді топ тарапынан жыл басынан бері 6669 нысан араланып, 351 хаттама толтырылды. Ал, коронавирус диагнозымен тіркелген науқастар саны – 209. Бүгінгі таңда жазылып шыққандар саны – 178, 31 науқас медициналық бақылауда тұр. Пневмония диагнозымен 110 науқас тіркеліп, оның 90-ы жазылып шыққан.
Қазіргі таңда короновирусқа қарсы екпе салу қаланың 10 вакцинациялау орны мен 2 жылжымалы пунктінде жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін, бірінші компонент бойынша вакцинация алған азаматтар саны – 13140, екінші компонент бойынша вакцинация алған азаматтар саны – 4730 құраған. Жыл басынан бері 29048 азамат ПТР тест тапсырды.