«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, мал шаруашылығымен айналысатын қаланың іргесіндегі қожалықтар жауапты кезең саналатын шөп шабу науқанына кіріскен.
Шаруалар үшін жаздың әр күнін тиімді пайдалану маңызды. Жоңышқаның бір пресі былтыр 500 теңге болса, биыл 1200 теңгеге өскен. Фермерлер бұл шекті баға емес, әлі де қымбаттауы мүмкін дейді.
Шаһарда алғашқылардың бірі боп Сайрам тұрғын алабындағы шаруа қожалықтары шабындыққа орақ салды. Қарамұрт ауылындағы мына алқаптағы жоңышқа орымы аяқталуға жақын. Екі комбайн мен 20 трактор жұмылдырылыпты. Тәжірибелі комбайншы Рүстем Мавлановтың пайымдауынша, жылдан жылға жоңышқа шығымы төмендеп барады.
Әйтсе де, шаруашылықтар қолда барды шашпай-төкпей жинап алу үшін техниканы тоқтатпай, көп жұмысшы жалдап жатыр екен.
«10 күн болды науқанды бастағанымызға. Қарамұрт ауылында 100 га жоңышқа бар. Арендаға алған жерде былтыр көктемде мақсарымен бірге жоңышқа еккенбіз. 1 мың тонна жоңышқа силос жинауымыз керек «,-дейді зоотехник Абрар Тайжанов.
Шынар Оразова