Шымкентте атқарылған жұмыстар бойынша аудан әкімдерінің басшылары жоспарларымен бөлісуде. Абай ауданында шалғайдағы елдімекендер осы күнге де ауыз су, табиғи газ және сапалы электр жарығымен қамтылмаған. Соңғы жеті жылда қаржының тапшылығынан шешімін таппаған мәселелер қаланың даму жоспарына еніп, кезеңімен шешілуде. Тағы бір жаңалық, ауданның құзырына бірқатар өкілеттік қала әкімдігінен өтіп отыр.
Абай ауданы көлемі, халық саны бойынша Шымкенттегі ең үлкен аудандардың бірі. 50 мың гектардан асатын аумақта 34 шағынаудан мен тұрғын алаптары орналасқан. 2014 жылдан бері аталған кей елдімекендерде инфрақұрылым мәселелері шешімін таппай келген. Осы күнге дейін 10 елдімекен тұрғындары ұңғыма суын пайдаланып отырса, 5 елдімекен халқы тасымалды ауыз суын пайдалануда. Қала құрамына кіргеннен бері мәселелері шешілмеген елдімекендерге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жүргізілді.
Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Жаңа талап тұрғын алабында 8 мыңнан астам халық түрады. Бюджеттен 1,9 млрд теңге қаржы бөлініп құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Егерде құрылыс барысында ешқандай күрделіктер туындамаса жылдың соңына дейін бітірулері керек…».
Электр жарығымен қамтамасыз ету мәселесі де кезеңімен шешілуде. Аудандағы жекеменшік трансформатордан электр энергиясын алатын 8 елдімекеннің түйткілі келер жылы толық шешіледі деп уәде берді аудан басшысы. Аудандағы тағы бір проблема — кәріз жүйесі. Ол қажетті нысанмен халықтың 31 пайызы ғана қамтылған. Ал өткен ғасырдың 37 жылдары салынған үйлердің мәселесі болашақта кәсіпкерлердің қоолдауымен шешімін таппақ.
Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:» Бірінші мамыр көшесіндегі үйді сырып, орнына жаңа үйлер салу жоспарда. Ол жерде тұрғындарды баспанамен қамту сол құрылысты жүргізетін инвестор, кәсіпкердің есебінен болады. Жоба ГЧП арқылы да жұзеге асырылуы мүмкін».
Шенеуніктер қала тұрғындарын тазалыққа шақырады. Әсіресе жеке секторда тұратын жерлестерімізді тұрмыстық, құрылыс қалдықтарын қалаған жерлерінде үйінді етіп қалдыру республикалық маңызды қала мәртебесіне ие Шымкентке тән емес дейді жауаптылар. Енді бұған дейін тікелей қала әкімдігінің құзыретінде болып келген абаттандыру, бейберекетсіздікпен күресу сияқты мәселелер аудан әкімінің функциясына өтті.
Мәулен Айманбетов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Енді осы функцияларды аудан әкімдіктері, қоқысты белгіленбеген жерлерді жазалау бойынша осы бағыттағы жұмысқа аудан әкімдіктері жауапты. қазір барлық құжаттарды рәсімдеу жүргізілуде».
Аудан әкімдіктері өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік алды. Бұл мәселен жол мәселесіне де қатысты. Жеке сектор басым ауданында жолдарды жөндеу жұмыстары қарқын алған. Шалғайдағы тұрғын алаптарына әзірге шағал тастар төселіп, асфальт төсеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде екен. Ағымдағы жылы бұл мақсатта жерглікті бюджеттен қаржы бөлінген.
Шынар Оразова