Осыдан тура екі жыл бұрын Арыстың аспанына қара бұлт төніп еді. Жарылыс болып, үрейленген халық бас сауғалап жан-жаққа қашқан болатын. Сол сәтте олар тіпті не болып жатқанын да түсінбеген еді.
Ал Шымкент қаласынан шыққан көліктер көмек беру үшін сол Арысқа ағылды. Жақын жерде бақылау-өткізу пункті болды. Төтенше оқиғадан кейін адамдар дәл осы мектепке эвакуацияланды.
Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаев та осында келіп, зардап шеккендермен кездескен болатын.
2019 жылдың 24 маусым күнін зейнеткер Арман Құлжабаев еске алғанды ұнатпайды. Сол күні ол таңертең немересін балабақшаға апарған екен, содан кейін алғашқы жарылыс болды. Бір сәт ойланбастан тұрғын «Газель» тізгінін ұстап, балаларды эвакуациялады.
Бүкіл елді дүр сілкіндірген Арыстағы қайғылы оқиғаның артта қалғанына екі жыл болып отыр. Қираған қала бүгінгі таңда осылай көрінеді. Алайда, адамдар әлі де өздеріне келе алмай жүрген сыңайлы.
Үй, дүкен және үш автокөліктен қалған осы дүние ғана. Ал адамдардың осы оқиғадан қалайша тірі қалғанына таңғаласың! Жарылыстың алғашқы екпіні үйдің шатырына, содан кейін ауладағы баққа түсті. Осы уақытта отбасы алған заттарының бәрін тастап, көлікке отырған да қаша жөнелген. Кейіннен белгілі болғандай, сол сәтте бұл шешім өте дұрыс болған.
Мира Мыңбаеваның есінде 24 маусым мәңгі қара күн болып қалады.
Мира Мыңбаева: «Үш машина жанып кетті, алдында тұрған спринтерге біз бәріміз отырғанымыз сол еді екінші снаряд түсті. Біз қашып үлгердік. Қалтамызда бір тиын ақша жоқ, киім жоқ, бәрі жоқ!».
Аптап ыстыққа қарамастан, құрылысшылар тәулік бойы жұмыс істеді. Моральдық және материалдық қолдау еліміздің барлық өңірлерінен келді. Кей тұрғындар үйлерін өздерін қалпына келтіруге тырысты.
Мира Мыңбаева: » Бізге тек үй салып берді, ал үйдегі барлық техника, тұрмыстық қажеттілік бәрі жанып кеткен еді. Оның бәрін кейін несиеге сатып алуға тура келді».
Бұл Арыс теміржол вокзалы, ғимараттың салынғанына ғасырдан астам уақыт болған. Жарылыс кезінде вокзал маңындағы алаңға да зақым келді. Екі жылдан кейін вокзалдың аумағына кіре берісте мемориалдық тақта орнатылды. Тақтада жарылыстан кейін қаланы қалпына келтіруге көмектескен адамдарға алғыс сөздер жазылған.
Бүгінде Арыс қаласында қырық мыңнан астам адам тұрады, қала басшысы ауысты. Гүлнәр Құрманбекова Қазақстандағы екінші әйел әкім болды. Арыс басшысы зардап шеккендердің шағымдарын жинап, арнайы жұмысшы тобын ұйымдастырыпты. Адамдардың барлық тілектері облыс әкімдігі мен Ақордаға жолданған екен.
Гүлнәр Құрманбекова, Арыс қаласының әкімі: «48 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізген, бірақ кем-кетіктерін толықтай жасамаған. Бұған» Атамекен» палатасы жауапты болған. Президентке, басшылыққа және облыс әкімшілікке бизнес нысандар бойынша бәрін аяқтаймыз деп уәде берген. 48 нысан бойынша 387 млн қарыз бар. Қазір бұл мәселені біз» Атамекен», облыс әкімдігі көтеріп жатырмыз. Бұл бойынша тиісті орындарға хат жолдадық. Бәрі бақылауда».
Арыс қалпына келтіріліп жатқанда, қаланы жарылыс қаупі бар заттардан тазарту жұмыстары үзілген жоқ. Әскери қызметкерлердің айтуынша, бұл бірнеше жылға созылуы мүмкін. Тұрғындар тыныштыққа қарамастан, 2019 жылдағы оқиға қайталана ма деп әлі де қорқатындарын жеткізді.