Азық-түлік бағасы мың құбылып тұр

345

Базар – ақшалыға базар, ақшасызға – назар. Қазір базардағы баға мың құбылып тұр. Жақында базарға шыққан Гүлнар Тойлыбаева: «Азық-түлік бағасын ауыстырып үлгермейсің. Кешегі аптада 400 теңгеден сатылған балғын картоп осы аптада біршама арзандады.

Ал күнбағыс майы күні кеше арзандаса, бүгін міне қайта қымбаттады. Өткен аптада күнбағыс майы 50-60 теңгеге арзандаған еді. Жаз басталғалы қайта қымбаттады»,-дейді. Сөзінің жаны бар.

Гүлнар Тойлыбекова, сатушы: «Күнбағыс майларының барлығы қымбаттады. «Шедевр». «Рахат»-тың кәмпиттері де қымбаттады. Құмшекердің бағасы  3 теңгеге көтерілді . Ұн, макарондар  сол бұрынғы бағада».

Көкөніс бағасы да мәз емес. Сатушылар көкөністі «Жібек жолы» базарынан әкеліп, үстінен 50 теңге көретінін айтады. Қызанақтың келісі өткен аптада 350 теңге болса, бүгін 500 теңгеге өсіпті. Картоп 280-300 теңге, пияз 100 теңгеден сатылса, сәбіз 300 теңгеге бір-ақ көтерілген.

Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына қарасты Ішкі сауда және баға мониторингі бөлімінің мамандары күнделікті бағаны бақылап, тұрақтандыру шарасын жасайтынын айтады.

Қайрат Базарбеков, Ішкі сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы:
«Ия, балғын картоп бастапқыда бағасы 400 теңге болды. Қазір түсті. Қазір сарыағаштық диқандардың өнімдері келіп түсуде. Сайрамнан келеді. Бірте бірте түседі. қазір жылжымайтын көліктерден әлеуметтік бағада көкөніс сатылуда».

Қала тұрғыны Кәмшат Төлегенқызы азық-түлік сәт санап қымбаттап жатқанын айтады. Ол Тұрақтандыру қоры ұсынатын Әлеуметтік маңызы бар тауарларды «Жаңа шаһар» базарының алдындағы мына жылжымайтын көліктен алады екен.

Кәмшат Төлегенқызы, қала тұрғыны: «Базарға қарағанда осында арзан. Барлығы қымбаттап жатыр ғой. Бірақ біз үйренгенбіз, осы жерде картопты да, пиязды да қызанақты да сатып аламыз».

Шаһардағы эпидахуалға байланысты сенбі-жексенбі күндері ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі болады. Қаладағы ірі сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар 11 тауарға бағаны тұрақтандыру үшін бюджеттен қаржы да бөлініпті.

Шынар Оразова