2021 жылдың бес айында анықталған бұзушылық фактілері бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 170-тен астам ұйғарым берілді.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өнім қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде балалар ойыншықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Мамандар ойыншықтарды өткізу сатысында өнімді сатып алу және Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті талаптарына сәйкестігін сараптау арқылы тексереді.

Мониторинг барысында ағымдағы жылдың бес айында республика бойынша ойыншықтардың 900 үлгісі іріктеліп зерттелсе, олардың 519-ы немесе 57,7% – ы жоғарыда көрсетілген талаптарға сай еместігі анықталды. Талаптарға сай келмеген ойыншықтар үлгілерінің 0,4% – ы Қазақстанда, 8,5%-ы ЕАЭО – ға мүше мемлекеттерде және 91% – ы басқа елдерде өндірілген.

Анықталған олқылықтардың 91%-ын таңбалау талаптарының, (3,1%-ын – органолептикалық көрсеткіштердің, 5,4% – химиялық және токсикологиялық-гигиеналық көрсеткіштердің) бұзылуы құрайды.

Мамандар регламент талаптарын бұзған кәсіпкерлік субъектілеріне олқылықтарды жою тәртібін түсіндіре отырып, оларды жою туралы 176 ұйғарым берді. Сатылымнан 19,98 кг-нан астам қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін ойыншықтар алынды.