Шымкенттік дәрігерлер 80 жасқа таяған зейнеткерлерді толық емдеп шықты. Қауіпті індетті жұқтырған ерлі-зайыпты 5 мамырда Асар шағынауданындағы жұқпалы аурулар орталығына жедел жәрдем көлігімен ауыр халде жеткізілген.
Дәрігерлер екі науқасқа өкпенің компьютерлік томографиясын жасап, өкпе тінінің 90 пайызы зақымдалғанын анықтаған. Бұған қоса өкпесі зақымданған науқастарда екі жақты пневмония анықталып, қант диабеті және гипертония сынды созылмалы аурулары болған. Коронавирус жұқтырғандары да белгілі болды.
Дәрігерлер науқастардың жағдайының ауыр болуына байланысты жансақтау бөліміне жатқызған. Жүргізілген емнің нәтижесінде зейнеткерлердің денсаулығы бүгінде жақсарған. Дәрігерлер олардың инфекциядан толық сауығып, бүгін ауруханадан шыққанын хабарлады.
«Температурасы түсті. Емдік шаралар толық жүргізілді, жағдайы жақсарып, анализдері бір қалыпқа келіп, демалысы жақсарды. Антибактериялық терапия, антикоагулянтты терапия және қосымша симптоматиялық ем тағайындалды» — дейді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар орталығының дәрігер реанематологы Еркінбек Нұртаев.
«Отағасы екеуміз реанимацияда жаттық. Қосымша ауруларымыз бар еді. Қазір жағдайымыз жақсы. Дәрігерлерге шынайы алғыс айтамыз» — дейді Розакүл әжей