Кавасаки тәрізді синдромға шалдыққан балалар айығып шықты

114

 

Шымкентте коронавирус инфекциясына шалдыққан балалар ауыр халде қалалық клиникалық балалар ауруханасына түскен болатын. Дәрігерлердің айтуынша, инфекцияның асқыну салдырынан науқастардан мультижүйелі қабыну синдромы анықталған.

Ауру белгісі анықталған 5 бала да ауыр халде жансақтау бөліміне жатқызылып, жеті күндей аппаратта жатып, денсаулығы жақсарған соң палатаға шығарылған.

Медицина мамандарының мәлімдеуінше , кавасаки тәріздес мультижүйелі қабыну синдромына шалдыққан балалар үйдегі ересектерден коронавирус инфекциясын жұқтырған. Соның салдарынан ауру өршіп, соңы қауіпті дертке алып келген. Білікті мамандар жасаған емнің нәтижесінде науқас балалардың денсаулығы жақсарып, ауруханадан шығарылды.

-Кавасаки тәріздес мультижүйелі қабыну синдромына шалдыққан балаларды емдеу үшін републикалық деңгейдегі білікті мамандармен консилиум өткізіп, емдеу шаралары бойынша кеңес жүргіземіз. Ал бізде ем алған балалар ауруханадан шыққан соң тұрғылықты жері бойынша емхана мамандарының бақылауына алынды. Сондай-ақ, үш науқас біздің клиникада оңалту емін алды, – дейді қалалық клиникалық балалар ауруханасының педиатрия бөлімінің меңгерушісі Жантасова Әсел.

Айта кетерлігі, медицина мамандары баланың дене қызуы 38,5-тен жоғары болуы, іш ауыруы, құсу, жүрек айнуы, денедегі бөртпе дақ, жөтел пайда болса, міндетті түрде дәрігер шақырту қажеттігін ескертеді. Өйткені, бұлар – кавасаки тәріздес мультижүйелі қабыну синдромының белгілері. Дер кезінде дәрігерге көрінбесе, соңы қайғылы жағдайға алып келуі де ықтимал. Өйткені, ауру жүрек пен өкпе, асқазан, ішек жолы немесе жүйке жүйесі секілді ағзаның бірнеше жүйесін бірден зақымдайды. Мультижүйелі қабыну синдромынан туындайтын қабыну кавасаки ауруы мен токсикалық шок синдромы кезінде пайда болатын қабынудан да асып түсіп, баланың көпшілігінде жүректің зақымдануына әкеледі.

Сондықтан, аталмыш аурудың алдын алу үшін ересектер баланы коронавирустан сақтауға күш салуы керек. Оның бірден бір жолы – вакцина салдыру. Сондықтан дәрігерлер әр адам өз отбасын қорғау мақсатында екпе салдыруының маңызы зор екенін тағы да атап өтті.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі