Коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандарға «Төлем» картасы сыйлыққа беріледі

312

Коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандарға «Төлем» картасы сыйлыққа беріледі. Бұл акция Шымкент қаласындағы №13 емханада халықты ынталандыру мақсатында өткізіліп жатыр.

Шымкенттік Жібек Қасымова бүгін короновирусқа қарсы «Спутник ви» вакцинасының алғашқы дозасын салдыруға келді. Екпені еккеннен кейін 59 жастағы тұрғынға №13 емхана дәрігерлері «Төлем» картасын сыйлыққа берді. Бұл акция жөнінде хабарсыз болған ол емхана қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сонымен қатар қала тұрғындарын екпе салдыруға шақырды.

Жібек Қасымова, қала тұрғыны: «Бүгін салғызғаннан кейін сыйлық беріп жатыр. Жол картасын. Келіңіздер жақсы бәрі».

Бұл акцияның басталғанына бүгін жетінші күн. Транспорт басқармасынан берілген 500 дана «Төлем» картасы тек екпенің алғашқы компонентін салдырғандарға тарту етіледі. Бүгінгі күнге дейін аталмыш картаның 180 данасы тұрғындарға табысталып үлгеріпті. Ал акция барысында вакцинациялануға келетін тұрғындар саны артты дейді дәрігер.

Раушан Пасанова, жалпы тәжірибелі дәрігер: «Қазіргі таңда вакцинациялану статистикасына келер болсақ бірінші компонентін 10255 адам салдырса, екінші компонентін 6286 адам салдырған».

Акция халықты ынталандыру үшін жасалынып отыр дейді мамандар. Ал қазір Шымкентте тұрғындарға вакцинаның 3 түрі салынуда. Олар отандық «QazVaс», ресейлік «Спутник V» Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген қытайлық «Hayat-Vax».

Камила Есенғали