Өмірзақ Шөкеев есеп берді

20

 

Түркістан облысының әкімі атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Өңір басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді. Өз есебінде аймақ әкімі Түркістанды дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы, коммуналдық мәселелер, туризмді дамыту және облыс бюджетінің қалай жұмсалатынына тоқталды.

Түркістан облысының құрылғанына – 3 жыл. Бұл аралықта облыс орталығы адам танымастай өзгерді. Өңірде шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді. Бюджет екі есеге артып, яғни тоғыз жүз миллиард теңгеге дейін ұлғайған. Сонымен қоса инвестициялар ағыны да рекордтық көрсеткішке жетті. Ол бір триллион теңгені құрап отыр.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «2018 жылы бюджет 450 млрд. теңгені құрады. Менің ойымша, сандар-ақ айтып тұр. Сәйкесінше, Түркістан облысы да, қала да даму бойынша өте үлкен серпін алды»

Түркістан облысындағы коммуналдық мәселелерді ешкім де шетке ысырмайды дейді Өмірзақ Шөкеев. Себебі бірнеше аймақтарда ауыз су мәселесі ұзақ жылдар бойы шешілмей келеді. Яғни, ауыз су тоқтап қала береді. Ал кейбір елдімекендер халқы лас суды тұтынуға мәжбүр.

Түркістан облысының әкімі әлеуметтік желілерде тараған шулы жазбаға қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, Түркістандағы әйгілі «Керуен-Сарай» туристік кешенінің қабырға қаптамасын кішкентай бала сындырып қойған. Өмірзақ Шөкеев бұл инвестордың өз ақшасына салған жеке нысан екендігіне тоқталып және жоқ жерден дау шығармауға кеңес берді.

Өмірзақ Шөкеев,  Түркістан облысының әкімі: «Бұл Керуен-сарайдың ұзындығы бір шақырымға жуық. Мен күн сайын құрылыс алаңында жүрдім: барлығы темірбетоннан, арматурадан тұрады. Бұл жер сейсмикалық ерекшелігі шамалы болғанына қарамастан, барлығы үлкен қормен салынған. Әрине, әрлеу материалдарының алуан түрлісі қолданылады. Олар көрген жай қарапайым материал. Егер жазбаны желіге жария неткен азаматтың құрылыстан хабары болса, ол жарияламас еді».

Өңірде туристер легі де артып келеді. Әрине, бұл – сұраныс болса, онда инвестиция да артатынының нақты көрсеткіші.

Өмірзақ Шөкеев алдағы уақытта Қазақстанның рухани астанасының егжей-тегжейлі даму жоспарын ұсынуға уәде берді. Бұл ретте Түркістан облысының барша коммуналдық мәселелерін шешу қажет деп отыр. Өңір әкімі барлық жоспарлар орындалатынын баса айтып, тек уақыт қажет екенін ескертті.