5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні.
Осы атаулы датаға орай «ПетроҚазақстан Ойл Продактс «серіктестігі балалар арасында ұйымдастырған сурет және бейнеролик байқауының жеңімпаздарын марапаттап, сыйлықтар табыс етті. Мақсат — өскелең ұрпаққа табиғаттың адам өміріндегі зор маңыздылығын насихаттай отырып, оны аялауға, сақтап қорғауға өз үлестерін қосуға жұмылдыру.
Мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерінің қауіпсіздігі бірінші орында. Сондықтан кәсіпорынға шақырту алған арнамыздың түсірілім тобы коронавирусты анықтайтын тест тапсырды.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне сурет және бейнеролик байқауы қорытындыланды. Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттады. 7-10 жастағы балалардың сурет байқауында Әжімбет Дінмұхаммед бірінші орын алды. Ал Мерей Әбдіқадырдың табиғатты аялауға шақыратын суреті қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
14 жасар Лиза Путкова қоршаған ортаны таза ұстау – әр адамның міндеті деп түсінеді. Байқауға қатысу мақсаты да экология проблемаларын құрбы-құрдастарына бейнеролик арқылы жеткізу екен. Ол байқауға «Адамдар, табиғатты қорғаңдар!» атты видео ұсыныпты.
Лиза Путкова, жеңімпаз: «Мен бас жүлдені және суреттен екінші орынды иелендім. Қоршаған ортаны аялауды бізге ата-аналарымыз үнемі дәріптейді. Менің әкем мұнай өңдеу зауытында эколог болып жұмыс істейді. Сондықтан да біз қоқыс тастамаймыз, көрсек жинап жүреміз».«ПетроҚазақстан ОйлПродактс» компаниясы экология мәселесіне жіті көңіл бөледі. Кәсіпорын қоршаған ортаға зиянды қоспалардың таралуын болдырмау үшін жаңа технологиялар қолданады. Ал мұндай байқаулар балалардың экологиялық білімін молайтып, табиғатты қорғауға тәрбиелейді екен.
Сюйдун Цзэн, ПКОП өндіріс және стратегиялық жоспарлау жөніндегі вице-президенті: «Мен қуаныштымын. Байқауға қызметкерлеріміздің балалары қатысты. Олар қоршаған ортаны, табиғатты қорғау жөнінде өздерінің ойларын сурет, бейнероликтерінде жеткізіпті. Болашақта олар біздің зауытта жұмыс істеп, экологияны жақсартуға ат салысады деген сенімдеміз».
Онлайн-байқауға 150-ге жуық бала қатысыпты. Қазылар алқасына үздік 33 жұмысты таңдап алу да оңай соқпаған. Жас буын барша адамзатты табиғатты қорғауға шақырады.
Дияр Иса, жеңімпаз: «Менің жасым 12-де. Керемет байқауды ұйымдастырған және белсенді қатысқан жерлестеріме алғысым шексіз. Табиғатты қорғайық, табиғат әрбірімізден басталады».
Ұйымдастырушылар мұндай байқауды атаулы күндерде ғана емес, балалардың ой-өрісін дамыту үшін дәстүрлі түрде өткізіп тұрады екен.
Шынар Оразова