Шымкент қаласының қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Қоғамдық тыңдау барысында қаладағы табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтері жан-жақты талқыланды.
Шымкент қаласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтері және тарифтерді ұстап тұру бойынша атқарылған жұмыс бойынша табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығының есебін мұқият тыңдаған кеңес мүшелері республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған Шымкентте су тарифі неліктен әр қилы екендігін түсіндіруді талап етті.
Саттар Қуашбаев, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі: «Шымкентке Ордабасы, Төлеби, Сайрамнан өткен елдімекендерде суға тариф неге әр түрлі? Бір жерде 110 бір жерде 143. Бірыңғай жасауға болмайды ма?».
Дархан Қаинбердиев, табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығы: «Ия, дұрыс айтасыз. Мәселен Тассайдағы Тасқұдық елдімекеніне су жүйесі мемлекеттік қаржыға тартылды. Бастапқыда тариф жоғары болатын, қазір қаладағыдай. Маятас, Тоғыс, Жыланбұзғанда қаладағыдан 10 пайыз төмен. Енді ол жердегі халықтың наразы болмасын деп сол тиіспедік».
Кеңесте департамент тарапынан табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтерін қолданыстағы заң шеңберінде ұстап тұрмыз деген іс-әрекеттеріне күмәнданғандар да болды. Өйткені Жамбыл өңірінде газдың бағасы Шымкентпен салыстырғанда едәуір төмен.
Тұрсынәлі Өтегенов, Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесі: «Баяндамаңызда тарифті түсірдік дейсіз. Халық бағаның тек шарықтағанын айтады. 95, 61 пайызға тарифтерді түсірдік дейсіз. Бағалардың барлығы шарықтап халықтың айтатыны осы бағалар. Төмендеген ештеңе көрмедік дейді».
Дархан Қаинбердиев, табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығы: «Қаланың экономикасына біз жауап бермейміз. Біз тек табиғи монополия…. газ болса біз тек құбырдағы тасымалданатын газдың бағасын реттейміз. Бұл мәселе жоғарыда шешіледі».
Биыл шілдеде бес жылға бекітілген тарифтер қайта қаралады. Сол қоғамдық тыңдауларға қалалық қоғамдық кеңес мүшелері белсенді қатысып тұтынушылардың құқығын қорғаса құп болар еді. Кеңесте энергетика және инфрақұрылым басқармасының 2020 жылдың соңғы жарты жылдығы мен 2021 жылдың I тоқсанында атқарылған жұмыстары бойынша есебі тыңдалды.
Шынар Оразова