Шымкентте қала күні тойлануда. Мерекеге арналған концерттік кеште тұрғындарды қала басшысы Мұрат Әйтеновтің арнайы құттықтады. Көне шаһардың елеулі тұлғалары да айтулы күні назардан тыс қалмады. Мемлекетке еңбегі сіңген жерлестеріміз «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағымен марапатталды.

«Мерекеңмен, Шымқала!». Бүгін Түркістан сарайында қала күніне орай ауқымды мерекелік гала концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шарада шаһар басшысы мегаполис тұрғындарын мерекемен құттықтап, республикалық маңызы бар қала атанған үш жыл уақыттағы жұмыстарды атап өтті.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қала күні өткенді саралап, бүгінді бағалап, ертеңге болжам жасайтын мерейлі мереке. Соңғы үш жылдың көрсеткіштеріне зер салсақ, бұл көреген шешім қаланың екінші тынысын ашты деп айтуға әбден болады. Біріншіден қала бюджеті 3,6 есеге өсіп, 131 млрд. теңгеден 481 млрд. теңгеге жетті.

Сонымен қоса, шарада 20 тұрғын Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағымен марапатталып, төсбелгі табысталды. Олардың арасында кәсіпкерлер, білім-ғылым, ауылшаруашылығы және денсаулық сақтау салаларында табысты еңбек еткен тұлғалар бар.

Сағынғали Әбубәкіров білім беру ісінің Құрметті қызметкері және Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері. Ғұмырын білім саласына арнаған ол аталмыш салада 55 жыл еңбек еткен. Ардагер ұстаз бүгінгі мерекеде Шымкент қаласының Құрметті азаматы атанғанына дән риза.

Сағынғали Әбубәкіров, Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, профессор: «Бүгін – ұлы күн. Елбасының жарлығымен Шымкент қаласы осыдан үш жыл бұрын мегаполис, республикалық маңызы бар үлкен қала яғни, үшінші қалаға айналды. Міне, бүгінгі осы үлкен мерекемен Шымкент халқын құттықтаймын! Шымкент – шырайлы қала. Шымкент – қонақжай қала. Шымкенттің халқы еңбекқор. Шымкент деген ең бақытты қала».

Мерекелік кеште әуезді ән мен би, көне шаһар тарихынан сыр шертер сахналық қойылымдар, ұлттық оркестрдың дәстүрлі рухы Шымқала тұрғындарының кеудесінде қалаға деген ерекше сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді оятты.

Танымал өнер иелері Жұбаныш Жексенұлы, Алтынай Жорабаева, Сәкен Майғазиевтер күнгей өңірдің төл перзенті, вальс королі Шәмшінің әндерін шырқап, көрермен көңілін тербетті.

Ақмарал Айтбаева