Шымкент: Демеушілер есебінен 2 спорт алаңшасы ел игілігіне берілді

353

Шымкентте биыл 115 спорт алаңшасын салу жоспарланған. Ал демеушілер есебінен шаһар аумағында жылдың соңына дейін 14 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі. Олардың төртеуі халық көп шоғырланған Абай ауданы аумағында орналасқан. Бүгін оның екеуі пайдалануға берілді.

Демеушілердің қаражатына бой көтерген мына спорт алаңшасы Шымкенттегі Ақ мешіт медресесінің шәкірттеріне арнайы салыныпты. Күн сәулесінен жарықтандырылатын алаңшада балалар шағын футболдан бөлек волейбол, баскетбол ойнап, шынығатын болды.

Бекзат:»Жақсы болды келіп ойнап тұрамыз».
Қазбек Сарыбаев, мешіттің наиб имамы: «Бізде бағбан бар. Осы төңіректің тазалығына жауап береді. Осы жерде коммуналдық қызметте тазалыққа жауапты. Құдай қаласа барлығымыз бірігіп күтімін, баптауын өз мойнымызға аламыз».

 

Ал мұндай жаттығу тренажерлары шаһар аумағында демеушілер қолдауымен бой көтеретін 7 спорт алаңшасының жанында қарастырылыпты. Әкімдіктегілердің айтуынша, жыл соңына дейін қалада кәсіпкерлер есебінен 14 спорт алаңшасын ел игілігіне беру көзделіп отыр.

«14- спорт  алаңшасының  жетеуін «Шымкентплаза» , жетеуін ERG компаниясы салады. Жылдың соңына дейін 115 спорт алаңшасын салуды көздеп отырмыз»,- дейді  Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов.
Дәл осындай спорт алаңшасы Жаңаталап шағынауданында да пайдалануға берілді. Жалпы Абай ауданында жыл соңына дейін 31 спорт алаңшасын бюджет есебінен, екеуін демеушілер қаржысына салу жоспарланған екен.
Нұржамал Бердіқұлова, Жаңаталап шағынауданының тұрғыны: «Көпқабатты үйлердің алдында бар, сол жаққа барып балаларды ойнататын едік. Енді жақсы болды үйдің жанынан спорт алаңшасын салып берді. Міне немеремді алып келдім».

Шымкентте биыл 115 спорт алаңшасын салу жөнінде қала әкімінің тапсырмасы бар. Алаңшаларды күтіп ұстау міндеті аудан әкімдіктеріне жүктелген. Ал Абай ауданында былтыр 20-ға жуық тозығы жеткен спорт алаңшасы күрделі жөндеуден өтті. Қалған 7-уі қаржы бөлінсе, ағымдағы жылы жаңаланбақ.

Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Ауданда 34 елдімекен бар. 40 спорт алаңшасы  қажет етеді. 35-інің құжаттары рәсімделіп тиісті  басқармаға жолданды. Қалалық мәслихаттың сессиясында бектілсе, жұмыстар басталады».

Шынар Оразова