Шымкент: Қала бюджеті 3,7 есеге артпақ

61

Шымкентте биыл қала бюджетінің өсімі 3,7 есеге артпақ. Шаһарға мегаполис статусын беру – қаланың жаңа тынысын ашқан. Бұл туралы қала басшысы Мұрат Әйтенов мәлімдеп отыр.

Жыл соңына дейін Шымкенттің индустриалды аймағында 13 жоба іске қосылады екен. Шырайлы шаһардағы жаңалықтар мен жоспарлар жайлы толығырақ…

Шымкентке мегаполис статусын беру – қаланың жаңа тынысын ашты. Жалпы мегаполис атанған үш жылда шаһарға тартылған инвестиция 1,2 трлн.теңгеден асқан. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала Мұрат Әйтенов осылай деді.

Сәйкесінше, қала бюджетінің өсімі биыл 3,7 есеге артады деп күтілуде. Оның айтуынша, 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 295 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға артқан. Сонымен қоса, 5 жылда «Жұлдыз» индустриалды аймағында 50 инвестициялық жобаны жүзеге асырылу жоспарланған. Қазіргі таңда инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары басталып кеткен. 306 гектар аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. Ал 200 млрд теңгеге 5 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделуде екен.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Шымкенттің 3 индустриалды аймағында алғашқы бес айда 1,8 млрд. теңгеге 274 жұмыс орнымен 4 жоба жүзеге асырылды. Осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемі 38,1 млрд.теңгеге 754 жұмыс орны құрылып, 13 жоба іске қосылады».

Сондай-ақ, Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қаланы толық қамтамасыз ету — басты назарда дейді әкім. Бұл бағытта 2 бірдей агро-индустриалды аймақ құрылып жатқан көрінеді. Және шаһарда кәсіпкерлікке бөлінетін қаржы 2 есеге ұлғайған. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34 пайызды құрайды. 69 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінде 163 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Қалаға 5 айда 96,9 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұған қоса Шымкентте биыл инвестиция бағыты қарқын алды дейді Мұрат Әйтенов.

Айтуынша, әр аптада инвестициялық штаб отырысы өтіп, онда инвест жобалар талқыланады екен.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Осы жылдың 5 айында қала экономикасына 96,9 млрд.теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,7 пайызға артты. Инвесторларға оңтайлы жағдай жасау бюрократияны жоюдан басталады. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әр жұма сайын өтетін штаб отырысында жаңа жобалар, инвесторлармен кездесетін мәселелер талқыланып, тікелей жұмыстар жасалуда».

Қала әкімі эпидемиологиялық ахуалға да тоқталып өтті. Шымкентте жыл басынан бері 7228 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 6829 адам емделіп шықты, өкінішке орай 157 адам көз жұмған. Қазір стационарларда дайын төсек-орынның 25 пайызында адам бар немесе 327 науқас ем алып жатыр. Ал вакцинацияландыру бойынша қала көш басында. Иммундау шарасынан өткендердің басым бөлігі педагогтар екен.

Ақмарал Айтбаева