Шымкентте бірнеше саябақ әкімшілігі жиналған қоқысты қайда тастарын білмей отыр. Себебі бір топ белгісіз адам тапа-тал түсте қоқыс жәшіктерін алып кеткен. Ешкімге ескертпестен, тіпті рұқсат та сұрамапты. Жауапты мекеме полицияға арыз жазған. Ал, әзірге қызметкерлер қоқыстарды бір жерге үйіп қоюға мәжбүр.

Асқар Молдияров Шымкенттегі саябақты таңғы сегізден бастап жинайды. Алайда, бүгін жиналған қоқысты салатын арнайы контейнердің жоқтығын айтады. Амалдың жоғынан бәрін мына жерге үюге мәжбүр екен. Ол қайта шашылып бір жұмыс, екі жұмысқа айналады. Саябақ қызметкерінің сөзінше, бір тәуліктің өзінде қоқыс тастайтын орын толып кетеді. Күндегісін-күнде арнайы жүк көлігіне артып жібереді екен.

Асқар Молдияров, саябақ тазалаушы: «Контейнер болмаған соң шашылады. Контейнер жоқ салатын. Контейнерлерді кеше алып кетті ғой. Контейнер жоқ, амал жоқ ана жерге тастаймыз. Ары шашылады, бері шашылады. Жинаймыз қайтадан шашылады».

Мына кадрлардан шаңқай түсте саябақтардан белгісіз біреулер қоқыс контейнерлерін жүк көлігіне тиеп жатқанын көруге болады. Демалыс орнының тазалығына жауапты «BUILD STROI» мекемесі қызметкерінің айтуынша, қоқыс жәшіктерін алып кеткен өзге мекемедегілер. Ал, контейнерлер жекеге тиесілі емес, әкімшілік тапсырысымен жасалғанын айтады.

Руслан Кешкеев, «BUILD STROI» ЖШС-нің саябақтарға жауапты кураторы: «Кешегі күннен бастап «Жасыл қала» тарапынан 676 номерлі жүк көлігі келіп, біздің парктегі жұмысшыларды ескертусіз қоқыс жәшіктерін алып кеткен. Басшылыққа ешқандай ескерту берілмеген. Қазір 4 аудан бойынша, парк, скверлерді қосқанда 34-ке жуық қоқыс салатын контейнерлерді алып кетіп отыр».

Орын алған жағдай бойынша «Жасыл қала» мекемесімен байланыстық. Сөздерінше, қоқыс жәшіктері өздеріне тиесілі екен. Мекеме контейнерлерді жинауды енді бастағандарын айтады.

«Жасыл қала» ЖШС өкілі: «Бұл бюджеттің ақшасына қойылмаған. «Жасыл қаланың» өзінің ақшасына қойылған дүние бұның бәрі. Алып кетуге 100 пайыз құқығымыз бар. Сыпырғысын, күрегін алып жатыр ғой, сол сияқты өздері алу керек оның бәрін».

Қалада 8 саябақ болса, соның бірнешеуіндегі қоқыс жәшіктері әкетіліпті. Бұл бойынша «BUILD STROI» мекемесі құқық қорғау органдарына арыз жазған.

Айта кетейік, «Жасыл қала» мекемесі көп жылдан бері шаһардағы саябақтардың тазалығына жауап берген. Биыл, бұл тендер арқылы «BUILD STROI» мекемесі бұл міндетті жеңіп алған.

Олжас Айдарбек