103 қызметіне ұялы телефон арқылы баға бере аласыз

152

 Шымкент тұрғындары енді 103 қызметінің жұмысына баға бере алады. Жедел-жәрдем қызметінің сапасын жақсарту мақсатында енгізілген жүйеде QR -код қосымшасы арқылы толық ақпарат алып, көрсетілген медициналық көмекті бағалауға мүмкіндік бар. Бұл жүйенің тиімділігі қандай? Халықтың шағымы ескеріле ме?

Бұл Шымкент қалалық жедел жәрдем қызметінің 6-шы бекеті. Мұнда 103 бригадасы Қаратау ауданының тұрғындарына алғашқы көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда ауруханаға жеткізеді.

Қала тұрғыны Қабылбек Бақыткүл қан қысымының көтерілуіне байланысты жедел жәрдем қызметіне жүгінді. Алғашқы көмектің дер кезінде көрсетілгенінің арқасында жағдайы бірқалыпқа түсті. Ал, тұрғын бейджиктегі QR код арқылы фельдшерлерге алғысын жеткізді.

Бақытгүл Қабылбек, қала тұрғыны: «Қан қысымымен есепте тұрамын. Бүгін мына балдарды шақырып едім, дер уақытысында келді. Халықпен тығыз байланыста, мына пандемия кезінде бұл кісілердің жұмысы да өте ауыр. Қазіргі бағдарлама жақсы екен, тиімді. Мен бұрын алғысымды білдіре алмайтын едім. Қазір өздеріне тікелей алғыс білдіруге болады екен».

Пациент ұялы телефон арқылы QR – кодты енгізіп, дәрігер және фельдшер қандай оқу орнын бітірді, жұмыс өтілі, санаттылығы туралы толық ақпаратты және қызмет көрсету сапасы туралы өз пікірін қалдыра алады. Бұл деректер бірден денсаулық сақтау басқармасына түседі. Егер дәрігер жайлы теріс пікірлер келіп жатса, тиісті шаралар қолданылады екен.

Әйгерім Тілеубергенова, Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету стансасының бекет меңгерушісі: «Бұл біздің халықпен тікелей байланысымызды күшейтеді. Олардың пікірлерін біліп, біздің жұмысымызды жақсарту. Берген бағалары мен пікірлері күнделікті қаралып, қадағаланып отырады. Егер де негативті пікір болған жағдайда, міндетті түрде ол жағдай бойынша тексеру жүргізіліп, шара қолданылады. Жазылған пікір бойынша сөгіс беріліп немесе біліктілігін арттыруға жіберіледі».

Үшінші мегаполиста 9 бекет бойынша 100 жедел жәрдем бригадасы және мыңға жуық дәрігер мен фельдшер жұмыс істейді. Оның барлығында жаңа жүйе іске қосылған. Айта кетейік, бұған дейін қаладағы 33 медициналық мекемеге де QR- код жүйесі енгізілген еді. Яғни, науқас есіктен кірген мезетте сканерлеу арқылы барлық аурухана қызметтері туралы ақпарат алады. Әрі дәрігердің жұмыс уақыты, кабинеті және сымтетігін еш қиындықсыз білуге болады. Мұнда да ақ халаттыларға қатысты алғыс-шағымыңызды жеткізуге мүмкіндік бар.

Ерлан Мелдебеков, Шымкент қалалық №1 емхананың бас дәрігер орынбасары: «Біздің емханамызда қаңтар айыннан бастап QR код енгізілді. Әр дәрігердің есігінде QR кодты сканерлеп, дәрігер туралы информация алуға болады. Ол жерде науқас пікір қалдыруына да болады. Дәрігер ұнады ма оған? Дұрыс жауап берді ме? Дұрыс нұсқау берілді ме? Ол тікелей басқарма басшысына хабар көрінеді, сол жерде баға береді».

Бұл цифрлық бағдарлама уақытты үнемдеп, дәрігерлердің жұмысын бақылауға әрі сапаны жақсартуға септігін тигізеді дейді мамандар.

Мөлдір Ибадуллаева